Павлодар облысында су басу қаупі жоғары аймақтар алдын алу шараларына кірісті
Павлодар облысында су басу қаупі жоғары елді мекендер тасқынның алдын алу шараларына кіріскен.
Былтыр еріген қар суынан айтарлықтай зиян шеккен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында ұзындығы 2 мың метр қорған салынып, сыйымдылығы 200 текше метрлік үш шұңқыр қазылды. Инженерлік жұмыстардың арқасында су басу қаупі сейілді. Әйтсе де биыл қар қалың. Көктемгі су тасқыны болуы ықтимал ауылдардың бірі, Ақсу аймағына қарасты Үштерек елді мекені.
Биыл су қорғаны дамбасын салдық. Ұзындығы 1920 метр. Биіктігі 1,5 метрге дейін. Биыл енді қауіп жоқ, жұмыстар аяқталып жатыр.
Ақсу қаласынан 8 шақырымда жатқан Үштерек ауылына кей жылдары су жазық даладан келеді. Былтыр шеткі бірнеше көшені су басқан еді. Сондықтан елді мекенді айнала қорған салынды. Осындай жұмыстар Ақсу қаласы бойынша үш қауіпті аумақта жүріп жатыр.
Ринат Тлявкаев, Ақсу қаласы әкімінің орынбасары:
- Егер де бір қауіп бірдеңе болса онда техникамыз бәрі дайын тұр. Топырақ қапқа салынып. Үштерек ауылында 1,5 мың қап дайын тұр топырақпен. Ақсу қаласында 8 мың 300 қап дайындап қойдық. Инертный материал бәрі бар.
Биыл жердің тоңы жұқа. Еріген қар суы топыраққа тез сіңіп кетеді. Сондықтан барлық күш ауыл ішіндегі қарды шығаруға бағытталды дейді әкімдіктегілер. Қора-қопсы қардан көрінбейді. Тау болып үйілген ақ ұлпаны шығаруға ауыл адамдары асықпайды.
Хавас Әбдіхапар, Үштерек ауылының тұрғыны:
- Жылдағыдан биыл қар екі есе, үш есе артық. Өте көп. Соны барлығы келіп, мына техникамен күреп алып жатқанына көптен-көп рахмет айтамын.
Облыс көлемінде қауіпті кезеңге дайықтық ерте басталды. Төтенше жағдайлар қызметі аудандарды аралап, атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізіп жатыр.
Шәкір Ахметов, Павлодар облысы ТЖД ТЖ Алдын алу басқармасының бастығы:
- Облыс бойынша 18 шақырымға жуық қорғаныс бөгеттері салынды. Ұзындығы 5 шақырымнан асатын бұру арналары тұрғызылды. Су өткізетін 24 инженерлік құрылғы орнатылды. Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарлы түрде жүріп жатыр.
Жыл сайын көктем айларында Ақтоғай мен Баянауыл ауданына тасқын қаупі төнеді. Бұған ылғалдың көптігі ғана емес Ақмола, Қарағанды облыстарынан келетін су мөлшері де әсер етеді. Былтыр көп су Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылын басқан еді. Мамандар мұндай жағдай қайталанбайды деген сенімде. Жауапты кезеңге дайындық күн сайын пысықталып жатыр. Жеке құрамнан екі мыңдай адам, 700-ге тарта техника сақадай сай тұр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков