ШҚО-да үш күнде 18 мас жүргізуші ұсталды
Шығыс Қазақстанда үш күнде 18 мас жүргізуші ұсталды.
Тағы 10 жүргізуші ережені өрескел бұзып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткені үшін жауапқа тартылды. Өңірде «Қауіпсіз жол» акциясы жүріп жатыр. Заң бұзған жүргізушілердің ісі сотқа жолданды. Олар 15 тәулікке қамалып немесе 6 айдан 7 жылға дейін жүргізуші құқығынан айырылуы мүмкін. Акция барысында полицейлер техникалық ақауы бар 76 көлікті тоқтатып, айып тұрағына жеткізді. Жолдағы қарды уақытылы тазаламаған 17 ұйымның басшысына айыппұл салынды.
Ержан Кәрімов, облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
- «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш күнінде Шығыс Қазақстан облысының аумағында жол қауіпсіздігі бойынша бір жарым мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Акция барысында 500-ден астам полицей күшейтілген режимде жұмыс істеді.