Қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы Төлеген Тәжібаевтың туғанына 115 жыл толды

Биыл қоғам және мемлекет қайраткері, дипломат, қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы Төлеген Тәжібаевтың туғанына 115 жыл.

Төлеген Тәжібаев Қазақ КСР-нің бірінші Сыртқы істер министрі, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған аңыз тұлға. Бүгін мерейтойға орай Алматыда ғылыми конференция өтті. Құнды еңбектері қайта жарық көріп, шәкірттері мен зерттеушілердің жинағы таныстырылды. Төлеген Тәжібаев қоғам жұмысымен қатар ғылымға ден қойған адам. Ол 1940 жылы «Халық мұғалімі» журналында жарияланған мақаласында сол кезең үшін өзекті психология мәселелерін көтеріп, классикалық психология тарихының қалыптасу жолдарын зерттейді. Артынша, университетте психология және логика бөлімін ашуға бастамашы болады. Елімізде алғашқы «Жалпы психология» оқулығын да Төлеген Тәжібаев шығарды. Сондай-ақ, ол қазақ тілінде психология ғылымының терминологиясын қалыптастыруға зор үлес қосты.

Жәнібек Әбдірашов, Алматы Қ. ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдік басшысы:

- Ұлы Отан соғысы кезінде 1944 жылдан бастап, біздің дипломаттарды даярлау мәселесі, дамуына үлкен үлесін қосқан тұлға, ірі саяси тұлғаның бірі, дипломат, саясаткер.

Жолмұхан Түрікпенұлы, психология ғылымдарының кандидаты,  профессор:

- Бұл кісінің үлкен бір шұғылданған мәселесі балаларды еңбекке тәрбиелеу мәселесі болған. Еңбекке тәрбиелеу, бұл барлық тәрбиенің негізі, өзегі деген. Бастауы деген. Ең алдымен бірінші осыған көп көңіл бөлуіміз керек деген. Сондықтан балалар мектепті бітірген кезде құр жәй аттестат алмай, мамандық алып шығуы керек. Бұл 40-50 жылдары айтылған сөздер.