Қостанай облысында ақылы жол дау тудырды
Қостанай облысында алғаш рет ақылы жол пайда болды, деп хабарлайды 24KZ. Бүгіннен бастап Қостанай мен Троицк аралығында жүретін жүк көлігі мен автобус үшін ақша төлеуі міндет. Бірақ жүргізушілер мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, автомагистраль ақылы қылатындай жағдайда емес. Шұрық-тесік, ойдым-ойдым жері көп. Ал жолшылардың айтар өз уәжі бар.
Ақылы жол санатына енгізілген Қостанайдан Ресей шекарасында дейінгі бұл аралықтың қашықтығы 163 шақырым. Осы учаскеде көліктің түрі, салмағына байланысты белгіленген төлем 1000 теңгеден 6 мың теңге аралығында. Наразылық білдіруші топ: «Төлем жасаудан қашпаймыз», – дейді. Тек жол сапасы соған сай болу керек деген талап қойып отыр.
Самұрат Есенов, жүргізуші:
- Алты мың бір жаққа шығады, шамамен 12 мың. Ол біздің жалақыға түседі. Біз жүк апарамыз, әкелеміз, сосын бүкіл проценттен ақылы жолға алынады. Оны не үшін төлейміз? Мынау жол жоқ. Шұңқыр, не құм шашпайды, не тазаламайды.
Бұл жолға 19 жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілді. Одан кейін орташа жөндеумен шектеліп келген.
Андрей Горват, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ОФ директоры:
- Кем-кетік тұстары дұрысталады. Биыл Қарабалықтан шекараға дейінгі аралықта орташа жөндеу жүргіземіз. Қалған учаскелерде ағымдағы жөндеу атқарылады. Бұл бағытта көлік қозғалысы көп. Тәулігіне 3 мыңнан астам автокөлік өтеді. Сондықтан жол бойында аз-мұз ақаулардың пайда болуы заңды. Бірақ соншалықты анау айтқандай жаман күйде емес.
Бұл жолды күтіп ұстауға міндетті компания өкілі де: «Автомагистраль бойында қозғалыс қауіпсіздігі барынша сақталған», – дейді. Үнемі тазартылып, кедір-бұдыр тұстары тегістеліп отырады. Тексеріп келген комиссия да «жақсы» деген баға берді.
Нұрғали Махмұтов, «ҚазСервис» ЖШС ОФ директоры:
- Комиссия жүріп қарады және өзінің бағасы берілді. Содан кейін шешім шығарылды. Осы жолға ақылы өткізілу. 2023-2024 жылдары бізге жаңадан техника бөлінді. Осы техниканың барлығы осы учаскеге жұмылдырылған.
Бұл жол бойында шлагбаум, терминалдар қойылмайды. Көлік қозғалысы бейнекамера арқылы бақыланады. Жүргізуші учаскеден шыққаннан кейін 7 күннің ішінде тиісті ақыны төлеуі қажет. Одан созып алса, айыппұл арқалайды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг