Көрнекті жазушы Дулат Исабеков өмірден өтті

Көрнекті жазушы Дулат Исабеков саналы ғұмырында қазақ әдебиеті қорын төл мұраларымен байыта түсті. Оның шығармалары кез келген жастағы оқырманды оқиға желісіне жетелей жөнеледі. Заңғар жазушы ұлттық намысты жоғары қоятын жан еді. Адамзат тағдырының тәтті де ащы сәттерін өз еңбектеріне өре білген жазушы қағаз бен қаламын бір мезетте қолынан түсірген емес. Тау тұлғалы қаламгердің еңбектері әлемдегі өнер майталмандарының үлкен мәртебесіне ие.

Дулат Исабековтың шоқтығы биік шығармалары шетелдегі кітапханалардың сөресінен де орын тауып жатыр. Түркі тілдес елдерден бөлек, Еуропа төрінде оқырмандары пайда болды. Былтыр Жазушылар Одағының 90 жылдығында драматург өзінің жағымды жаңалықтарымен бөліскен еді. Ол қазақ әдебиетінің батыс шығармаларымен бәсекеге түсе алатынын атап өтті.

Дулат Исабеков, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Испан, тағы түрік тілінде үлкен кітап шықты. Содан кейін француз тілінде  аударылды жақында. Осының бәрі – бейбітшіліктің арқасы. Тыныштықтың арқасы. Спектакль қойылып жатыр. Англияда екеуі жүріп жатыр. Түркияда, сонау Мельбурнда «Бөрте» жүріп жатыр. Қалай болғанда да, батыс әдебиетімен салыстырғанда жарысқа түскенде, бәсекеге түскенде одан қалыспайтын әдебиетіміз бар.

Көрнекті қаламгер «Гауһартас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Қарғын» сияқты шығармалары қалың оқырманның жадында. Оның туындылары негізінде фильм түсіріліп, түрлі пьесалары сахналанды. Саладағы тынымсыз еңбегі үшін бірер жыл бұрын Президенттің қолынан мемлекеттік марапат алды. «Жазушының шеберлігі мен ізденісі кейінгі буынға үлгі-өнеге бола білді», – дейді қаламгерлер.

Ақберен Елгезек, ақын:

- Дулат ағаның шығармасындағы адам – қашанда қазақ. Дулат ағаның шығармалары арқылы қазақ жанының бөтен адам ешқашан байқамайтын құпия тұстарын көріп қаласың да, кейде қуанасың, ал кейде шошисың. Бірақ Дулат аға қай кейіпкерін болсын түбінде оқырманына және ақтатып алады. Қазақ әдебиетінің, руханиятының, қала берді тұтас бір дәуірдің жарық жұлдызы арамыздан ұзай ұшып, Тәңірісіне бет алды. Мәңгілік сапары оң болсын!

«Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді». Осылай деген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жазушының отбасы мен туыстарына көңіл айтты.