Ақмола облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 400 жұмыс орны ашылады
Биыл Ақмола облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 400-дей жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды 24kz.
Жоба кәсіп бастаймын деген ауылдықтарға кәдімгідей қолдау. Бұл мақсатқа бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінеді. Кәсіпкерлерді қаржыландыру мамыр айында басталады.
«Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырғандардың бірі – Аида Мейрамова. Атбасарлық кәсіпкер былтыр мемлекеттен 8,6 млн теңге жеңілдетілнен несие алып, наубайхана ашқан. Қомақты қаржыға нан пісіретін заманауи жабдықтар сатып алған. Дайын өнімдерін Атбасар қаласынан бөлек, алыс-жақын аудан, ауылдарға да жеткізеді.
Аида Мейрамова, кәсіпкер:
- 40-қа жуық нан өнімдерін жасаймыз. Ашытқысыз нанымызды ең бірінші біз бастадық, Өйткені біздің қалада ондай жоқ болғандықтан осы қалаға алып келу менің ең басты міндетім болған. Сөйтіп, мастер-класстар жасадық. Мен өзім ғана білмей, барлық жұмыскерлерім білсін деп алып келіп отырмын.
Қазір кәсіпкер 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар екі ауысымда жұмыс істейді. Өйткені ыстық нан мен тоқашқа сұраныс жоғары.
Әйгерім Ысқақова, наубайхана қызметкері:
- Алушыларымыз бар. Оларға біздің нандарымыз, осындай пирогтарымыз ұнап жатыр. Алғыстарын айтып жатады. Біздің көңіл-күйіміз көтеріліп, әр қарай жұмыс жасай береміз.
Екі жарым пайыздық жеңілдетілген несие. Бағдарманың тиімді тұсы осы. «Өңір тұрғындарының белсенділігі жақсы», - дейді сала мамандары. Мәселен жыл басынан бері жобаға қатысуға 175 кәсіпкер өтінім берген.
Сара Әбілова, ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- «Ауыл аманаты» жобасы ең алдымен ауылдағы ағайынның табысын арттырып, жұмыссыздық азайтуға бағытталған. Қазір жобаның тиімділігін ауыл халқы жақсы біледі. Өйткені өтінімдердің көбі мал шаруашылығын дамытуға арналған. Әзірге жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 175 өтінім түсті.
Жоба басталғалы өңірде 500-ден астам ауыл тұрғыны мемлекеттік қолдауға ие болды. Нәтижесінде 600-ден астам жұмыс орны ашылды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко