Маңғыстаулық теміржолшы 20 жыл бойы вагон қараушы боп еңбек етеді

«Қырағы теміржолшы». Амандық Мергенбаевты әріптестері осылай деп атап жүр, деп хабарлайды 24kz.

Маңғыстау облысы Сайөтес ауылының тұрғыны 20 жылдан астам уақыт вагон қараушы боп еңбек етеді. Осы аралықта ол жолаушылар және жүк пойызының тозған дөңгелек жұптарын дер кезінде байқап, бірнеше рет теміржол апатының алдын алған.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Дөңгелек жұптары вагонның және тасымалданатын жүктің салмағын көтереді. Пойыз жоғары жылдамдықпен жүргенде және кенет тежелгенде шойын доңғалақтарға орасан зор салмақ түседі. «Әсіресе, бұрылысы көп теміржолмен жүргенде тез тозады. Сол себепті дөңгелек жұптары үнемі техникалық қызмет көрсетуді қажет етеді», - дейді Амандық Мергенбаев. Айтуынша, кейбір ақаулық көзге көрінбейді. Ондай сәтте мамандар арнайы балғамен темірдің дыбысын тыңдап, ақау жоқтығына көз жеткізеді.

Амандық Мергенбаев, вагон қараушы:

- Жеңіл-желпі болса, мысалы көбіне мына сөмкемізде жүреді. Жаңағы сальник, уақ-түйек валик, шплинт дегендер. Ондай болса, оларды салып кетіп вагон номерін жазып алып, әрі қарай составты қарай береміз. Егер күрделі жөндеу болатын болса, бізде 90 минут уақыт бар ғой, соның ішіне сыйдырып, анау колодканы тез ауыстырамыз. Әр колодканы, аяқты ауыстыру үшін бір минут уақыт беріледі. Шешіп, қайта орнына салу үшін.

Сайөтес Маңғыстау магистралдық теміржол бөлімшесінің негізгі бөлігі. Елді мекен арқылы жолаушылар және жүк пойызы бірнеше бағытта қатынайды. Теміржол вагондары ауылға жету үшін 2 мың метрдей қырға көтеріледі. Кейін осы биіктіктен 31 бұрылыс жасап, төменге түседі. Осы аралықтан қауіпсіз өтуі үшін мамандар әрбір вагонды мұқият тексеріп шығады.

Көмекші Матаев, вагон қараушы:

- Жауапкершілікті арқалап келу керек. Өте тәртіпті, жауапкершілікті талап ететін жұмыс ол. Қателікті еш уақытта кешірмейді, бұл теміржол саласы дейтін. Ондай кездесті, алдын алдық жөндеп. Тиісті межелі жеріне жеткізіп отырдық. Амандықтан үйренгеніміз көп. Шама келгенше ол көрген-білгенін үйретті.

Сайөтес теміржол станциясында 20 вагон қараушы бар. Олар бір ауысымда бес адамнан жұмыс істейді. Әрқайсысы өз ісіне адал қарапайым еңбек адамы.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев