Сексеннен асқан қария салауатты өмір салтын ұстанады
«Шынықсаң, шымыр боласың». Бұл спортты жанына серік еткен Бақыткерей Нұрқаевтың өмірлік ұстанымы. Ақтөбе облысы Бадамша ауылында тұратын 83 жастағы қария йога және скандинавиялық жүріспен айналысады. Салауатты өмір салтын ұстанатын ақсақал жастарға осылай үлгі көрсетіп жүр.
Зейнеткер Бақыткерей Нұрқаевтың әр күні таңғы жаттығудан басталады. Скандинавиялық жүріспен серуендеуге шығады. Күніне 6-7 шақырым жаяу жүріп, таза ауа жұтады. Қолына күрегін алып, ауланы қардан тазартады. Ал күн жылығанда велосипед тебеді. «Үнемі қозғалыста болу иммунитетті көтеріп, жақсы көңіл күй сыйлайды», – дейді.
Бақыткерей Нұрқаев, Бадамша ауылының тұрғыны:
- Скандинавиялық жүріспен стадионға барамын күнде таңертең сағат 8-де. Стадионның аумағы 40 метр, соны 7-8 рет айналамыз. Сосын жаттығу жасап, үйге келеміз. Келген соң тәбетің ашылады, жақсы тамақ ішесің. Денеңе де жақсы. Кеуде көтеремін 20 рет.
Қария «басым ауырып, балтырым сыздады» деп денсаулығына шағымданбайды. Жас кезінде үйренген әдіс-тәсілін әлі күнге қайталайды. Басын жерге тіреу арқылы аяғын аспанға көтеріп, ауылдастарын таңғалдырудан жалықпайды.
Бақыткерей Нұрқаев, Бадамша ауылының тұрғыны:
- Малға шығып, мал баққан соң аттың үстінде баспен тұратын болдым. Солай істеп жүрдім. Ал былай арнайы дене шынықтырудың оқуын оқымадым, тек өзім үйрендім. 61 жасымда құдаларды шақырдым. «Ал енді құда, баяғыда тұрып едің, сондайды көрсетесің бе?», – деді. Мен айттым, қазір-ақ көрсетемін. Төбеге шықтық, содан көрсеттім. Баспен тұрып, аяғымды көтеріп.
Аудандағы ардагерлердің бірде-бір шарасы Бақыткерей Нұрқаевтың қатысуынсыз өтпейді. «Ол кісі өзінің ерік-жігері, өмірге құштарлығымен айналасына шуақ сыйлап жүреді», – дейді Қарғалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зейнелғабдин Дербіспаев.
Зейнелғабдин Дербіспаев, Қарғалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бұл кісіге менің таңғалатыным, бұл кісі: «аурухананы білмеймін», – дейді. Мен бұл кісіден үлгі аламын. Қазір қарайсыз жастар аурып жатыр. Неге десеңіз, көбісі салауатты өмір салтын білмейді. Дұрыс тамақтануды білмейді. Бірдеңе болса, тек ауруханаға жүгіреді. Бұл кісі, міне, бізге көрсетіп тұр. Енді бір каскадёр осындай трюкті істеу үшін қанша оқытады оған. Ал бұл ауылдың, қазақтың баласы, біздің өзіміздің далада өскен.
Бақыткерей Нұрқаев «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» тұрақты келеді. Қолы қалт еткенде йогамен айналысады. Өзі құралпы зейнеткерлермен шахмат ойнағанды жақсы көреді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков