Қазақстанда 293 мыңнан астам адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алады
Жұмысынан айырылған қазақстандықтар арнайы әлеуметтік төлем алуға құқылы.
Былтыр 293 мыңнан астам азамат жұмыссыз қалғаны үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алған. Жұмыссыздарға берілген төлемнің жалпы сомасы – 88,3 млрд теңге.
Дегенмен мұндай төлем жұмыссыз жүргеннің барлығына бірдей берілмейді. Оны тағайындау шектігі бар. Енді жәрдемақыны кімдер және қандай жағдайда алады?
Астаналық Роза Асанова 2024 жылғы тамызда жұмыссыз қалған. Бірден қаладағы жұмыспен қамту орталығына осы статус бойынша тіркеуге тұрады. Содан бері ай сайын мемлкеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 50 мың теңгеге жуық әлеуметтік төлем алып жүр.
Роза Асанова, Астана қаласының тұрғыны:
- Менің жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрғаныма жарты жыл болды. Бұған дейін азаматтық-құқытық шарт негізінде медицина орталығында қызмет атқардым. Отбасылық жағдайыма байланысты шетелге кетуге тура келген. Елге оралғанымда жұмыссыз қалдым.
Иә, қандай жағдай болмасын, жұмыстан шығып қалғандар жәрдемақы алу үшін өтініш жаза алады. Ең бастысы, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорында жинағыңыз болуы шарт. Себебі жәрдемақы соның есебінен беріледі.
Бағила Орынбетова, Астана қалалық мансап орталығының басшысы:
- Жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем ең басты шарты ол жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Және үздіксіз соңғы екі жыл жұмыс істеуі керек. Егер де ол толық 2 жыл істеп, әлеуметтік төлемі толық аударылған жағдайда , ол кісі толығымен 6 айға дейін ала алады.
Демек, жәрдемақы мөлшері кейінгі екі жылда алған жалақыңызға байланысты. Бұрынғы табыстың 45 пайызына жуығын қамтиды.
Бағила Орынбетова, Астана қалалық мансап орталығының басшысы:
- 2025 жылдың басынан бастап бізде мансап орталығында жұмыссыздар қатарында тіркелгендер ішінде 8 мыңнан астамы осы жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алады. Әрине ол кісілер жұмыссыз болып тіркелгеннен кейін қосымша әлеуметтік төлемдерін ала отырып, жұмыс іздеп, қарастырып, жұмысқа тұрып кеткендері де бар.
Әлеуметтік төлем 1 айдан жарты жылға дейін беріледі. Оның ұзақтығы да әлеуметтік сақтандыру қорына түскен аударым санына қарай белгіленеді. Ең бастысы бұрынғы жұмыс берушіңізден ең азы 6 ай үздіксіз аударым жасалуы шарт.
Мөлдір Молдағали, Қанат Махмұтов