Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты су тұщыту зауытына ₸158 млн қарыз
Ақтаудағы атом энергетикалық комбинаты су тұщыту зауытына 158 млн теңге қарыз, деп хабарлайды 24kz.
Бұл іс облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралды. Тергеу дерегінше, МАЭК былтыр маусым айында қаланы ауызсумен толық қамтамасыз ете алмай, зауыттан көмек сұраған. Кәсіпорын судың бір текше метрін 449 теңгеге бағалап, тараптар өзара келіскен. Осылайша, қазан-қараша айларында жалпы құны 161 млн 581 мың теңге болатын су берілген. Алайда энергетикалық комбинат 3 млн теңгесін төлеп, қалғанын қайтармай қойған. Сотта қаралған дау екі жақтың медиативтік келісімге келуімен аяқталды.
Арыстанбек Бекболатов, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы:
- Борышкер, яғни, МАЭК кәсіпорны талап қоюшы «Каспий» су тұщыту зауытына 158 млн теңге көлемінде қаражатты бөліп төлеу келіскен және де татуласу келісімі бойынша талап қоюшыға мемлекет тарапынан төленген мемлекеттік баж алымы мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан қайтаруға жатады. Салық кодексінің 108-бабына сәйкес.