Бас мүфти: Ысырапқа жол жоқ

Жастар арасында сәресі асты «сухур», ауызашарды «ифтар» деп атау белең алып барады. Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы бұдан тыйылуға шақырды, деп хабарлайды 24kz.

Діни басқарманың басшысы оларды қазақша атаған абзал дейді. Сондай-ақ ол ауызашарға аста-төк дастархан жайып, ысырыпқа жол бермеуді ұсынды. Айтайық, биыл Рамазан айы бірінші наурыздан басталады. Қасиетті Қадір түні 26-ынан 27-іне қараған түнге бекітілді. Ал, Ораза айт намазы наурыздың 30-да оқылады. 

Наурызбай Тағанұлы, ҚМДБ Бас мүфтиі:

- Ауызашар болсын, жалпы басқа дастархан болсын, біздің шариғатымыз ысырапқа жол бермейді. Қандай дастархан болса да, адамның өзінің қажеттілігіне жасалған дұрыс. Соның ішінде, әрине, ол Рамазан айындағы ауызашар. Сондықтан ауызашарға ораза ұстаған адамға қандай ас оның денсаулығына, ораза ұстаған адамға пайдалы болады, соны бергеніміз абзал болады біз үшін.