Ақтөбеде қалың қар жауды

Ақтөбеде үш күн бойы жауған қардың қалыңдығы айлық мөлшерден екі есе артып кетті, деп хабарлайды 24kz.

Облыс орталығында қалың қардың салдарымен коммуналдық қызметтер тәулік бойы арпалысып жатыр. Ал облыстық және республикалық трассаларда қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды.

Ақтөбені қалың қар басып қалды. Коммуналдық кәсіпорын техникалары бірінші кезекте қоғамдық көлік жүретін көшелердегі ақ ұлпаны аршып жатыр. «Олар күндіз-түні жұмыс істеуде», - дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілі Әділбек Ахмет.

Әділбек Ахмет, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта екі ауысымда жұмысшылар өздерінің жұмыстарын атқаруда. Қазіргі уақытта 350 техника, және 300-ден сатам жұмысшылар тазарту қызметтерін атқаруда.

Өткен тәулікте өңірде боран соғып, күре жол бойында қалып қойған жолаушылар құтқарылды. Сонымен қатар құтқарушылар Мәртөк ауданында демікпесі бар баланы ауруханаға жеткізуге көмектесті. Төтенше жағдай қызметінің мамандары Әйтеке би ауданында да жүкті әйелге жәрдем берген.

Аслан Арзымбетов, Ақтөбе облыстық ТЖД басқармасының басшысы:

- Облыс көлемінде төтенше жағдайлар департаменті және әскери бөлімнің күштерімен 31 авариялық құтқару жұмыстары және 4 іздестіру құтқару жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 100-ден астам адам  мен жеке құрамнан 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 28 адам құтқарылды. Және 63 адам эвакуацияланды.

Қазіргі уақытта өңірде барлық бағыттар бойынша жол ашық. Мердігер ұйымдар жолды кеңейту үшін жиегіндегі қарды тазалап жатыр.

Ринат Оразғалиев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары:

- 82 бірлік техника жұмыс жасады. 58 көлікке көмек көрсетілді. Қазіргі таңда барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында шектеу жоқ. Жағдай бірқалыпты.

Синоптиктердің болжамы бойынша, облыста осы аптаның соңына дейін қар жауады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков