Елімізде сот төрелігінің сапасы жоғарылап келеді
Қазақстандағы сот төрелігінің сапасы жыл сайын жоғарылап келеді, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен, былтыр 389 судьяның сот актілерін талдау нәтижесінде 387 судьяның жұмысы оң бағаланды. Жалпы 2023 жылдан бері Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясында 83 судья біліктілігін шыңдады.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Соңғы 6 жыл ішінде 2416 судьяның жұмысы сараланды. Оның ішінде тек 18-іне ғана «қанағаттанарлық емес» деген баға берілді. 74-інің білім деңгейіне байланысты лауазымдары ауыстырылды. Бірі қызметінде өсті, бірі орнынан түсті. Енді бірі біржола саладан кетті. Қалғандары өз біліктілігін абыроймен қорғай алды. Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия ұсынған мәлімет осындай.
Арыстанбек Стыбаев, ҚР Жоғарғы сотының судьясы, сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның төрағасы:
- 2023 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жасырын сауалнама өткізді Қазақстанда судьялар арасында. Солардың 88%-і комиссия жұмысын жақсы бағалады, жақсы білетіндігін көрсетті. 76%-і судьяларды бағалау комиссиясына сенетіндіктерін атап көрсетті. Бағалауды алсақ, біз оларға нұқсан келтіру мақсатын ұстанбаймыз. Қазір біз әдістемеге өзгерістер енгізіп, мансабын көтеру, яғни, жоғары тұрған соттарға, жоғары тұрған лауазымдарға көтеру.
Жұмысқа жаңадан келген әр жас судьяның жұмысын 3 жылдан кейін талдай бастайды. Оның осы уақыт аралығында шығарған үкімдерін Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия 5 баллдық көрсеткіш бойынша бағалайды. Одан сәтті өткен маманның келесі сынағы әр 5 жыл сайын қайталанады. Өткен аптада бір топ әзербайжандық судья Астанаға келіп, қазақстандық әріптестерінің әдістемесіне тәнті болды.
Рамин Гарагурбанлы, Әзербайжан Республикасы Баку қаласының аппеляциялық сотының судьясы:
- Әзербайжан елінің судьялар делегациясы болып Қазақстанға келдік. Мұндағы сот төрелігінің сапасымен таныстық. Тың әдістемесін жоғары бағалаймыз. Өзіміз үшін үлкен тәжірибе алдық. Өз кезегімізде біз де тәжірибе бөлісу үшін қазақстандық әріптестерімізді Әзербайжан еліне шақырамыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастық тек нығая берсін.
Судьяларды тағайындау процесі де оңтайландырылмақ. Енді жылына 6 рет байқау өтеді. Қазір Қазақстан соттарында 300 бос орын бар. Биыл кеңес небәрі 156 кандидатты ұсынған. Сондықтан бұл вакансияларға білікті заңгерлерді қабылдауды жылдамдату үшін бірнеше тетік енгізілуде.
Ғафур Шаров, ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі:
- Конкурс жарияланады. Қатысамын деген тұлға екі ай мерзімнің ішінде құжаттарын тапсырып, одан соң ол құжаттардың заң талабына сай екені іріктеледі. Содан соң барып олар туралы барлық мәліметтер ақпараттық жүйеге автоматтандырылған құйылады. Цифрландырылған түрде олардың жеке бастарының мәліметтеріне баға беріледі. Осы барлық процестер үш айдың мерзімінде, төрт айдың шамасына қарай ұзарып кететін еді. Енді қазіргі кезде жеке тұлғалар жөнінде құжаттар тапсыру мерзімін шегеріп, екі айдан бір айға дейін.
Айта кеткен жөн, 28 ақпан күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ұйымдастыруымен жиын өтеді. Онда судьяларды бағалаудан өткізу тетігін әлде де жетілдіру туралы пікір аламасады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жарқын Өрден