Елордада жазасын өтеушілерді еңбекпен қамту ісі қарқынды

Қазіргі таңда қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №3 мекемесінде 50-ден аса сотталған азамат тіркелген, деп хабарлайды 24kz.

Олар берілген жазасын өтеп қана қоймай, кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, нәпақа тауып жүр. Бас бостандығынан айырылғандардың дені қаладағы тігін цехында қызметке орналасқан. Күнделікті таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін көппен бірге қалыпты шаруаны атқарады. Мұндағыларды еңбекке машықтау ретінде тігіншіліктің қыр-сыры үйретіледі. Нәтижесінде олар түрлі құзырлы органдар киіп жүрген арнайы формаларды жасап жатыр.

Мадияр Құсайынов, жазасын өтеуші:

- Осында жұмыс істеп жатқаныма 6 ай болды. Еңбек демалысыма барып келдім. Бұл жерде жұмыс істеп жатқан ұнайды өзіме. Уақыт бөлінеді, көңілің бөлінеді бір жерде отырғаннан гөрі, еңбекақы уақытылы, ай сайын түсіп отырады.

Гүлжан Есмағамбетова, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мекемесінің аға инспекторы:

- Сағат 9-да сотталғандарды автобуспен жеткіземіз. Кешкі 6-да қайтарып, мекемеге алып келеміз. Барлығы бірдей жұмыс атқарады, киім тігеді қызметкерлерге. Айырмашылық дегенде, бұл кісілерге сыртқа шығуға болмайды.