Заң және тәртіп: жасөспірімдер арасында қылмыс азайды

Сәтбаев қаласында жасөспірімдер қылмысы азайды, деп хабарлайды 24kz.

Жыл басынан бері полиция 4 қылмысты анықтады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жастардың көбі заң талаптарын білмегендіктен қылмысқа баратын көрінеді. «Заң және тәртіп» қағидатын түсіндіру мақсатында, Сәтбаев технологиялық колледжінде өткен кездесуде осы мәселе кеңінен талқыланды. Мамандар ойланбай жасалған әрекеттердің ауыр салдарын түсіндіріп, интернет алаяқтық пен есірткі қылмысына қатысты бейнероликтер көрсетті.

Арман Садықов, Сәтбаев қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:

- Кәмелетке толмағандар арасында қылмысты жою тек осындай бас біріктіре білген жағдайда ғана мүмкін болады. Сондықтан қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жасөспірімдерге кеңес беріп, заң талаптарын түсіндіреміз. Мұндай кездесулер қаладағы мектептер мен колледждерде жиі өткізіліп тұрады.