Беловод ауылының халқы көктемде көпірсіз қатынай алмай қиналады
Беловод ауылы көктем сайын қатынассыз қалады, деп хабарлайды 24KZ. Себебі Жаман Қайрақты өзені тасығанда жолдарды су шайып кетеді. Ал жергілікті билік: «Ауылда халық саны аз, жаңа көпір салу тиімсіз», – деп отыр.
Беловод ауылының тұрғындары көктемге ерте қамданады. Күн күрт жылынып, қар ерісе, ауылға қатынайтын жолдар жабылады. Тіпті кейде бір айға дейін байланыс үзіледі. Тұрғындар көпір мәселесін бірнеше жылдан бері айтып жүр. Бірақ одан нәтиже жоқ деп налиды.
Терекбай Саябай, ауыл тұрғыны:
- Осы көпір туралы біз 20 жыл айтып келеміз аудан әкіміне. Ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Талай айтылды. Соңғы 5-6 жылда айтқанды қойдық. Үнемі шаяды. Сол кездері қайтқан адамдар болса, мәйітті осы жерден көтеріп, арқалап 10 шақырым жерге апарып қояды.
Жолдарды су шайса, оқушылардың сабағы да үзіліп қалады. Беловод ауылындағы мектепке көрші елді мекендерден қатынап оқитын балалар бар.
Мерекебай Дүйсенбай, мектеп директоры:
- Біздерде қазіргі таңда 7 бала қатынап оқиды Перекатное ауылынан. Негізі автобус тасымалы. Жаңа автобус бар. Тек жаңағы, сіздер айтқандай, көктем кезінде су шаяды. Сол кезде балалар осындағы туыстарына келеді, су шаймай тұрып. Көбі сол туыстарында болады.
Ал ауылға жаңа көпір салу тиімсіз. «Басты себеп халық аз», – дейді жергілікті билік. Жаңа көпірдің құрылысына миллиардтаған қаржы керектігін айтады. Сондықтан оны салудан гөрі тасқынның алдын алумен күресуге күш салады.
Еламан Қарашин, Жақсы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Көктемгі су тасқынына дейін дайындалу мақсатында алдын ала ауыр дертке шалдыққан кісілер және жүкті әйелдер аудандық ауруханаға шығарылады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек алдын ала әкелінеді. Бұл жағдай бақылауда әрдайым.
Беловод ауылында 431 адам тұрады. Мұнда көпірден басқа да проблема баршылық. Әсіресе инфрақұрылымға қатысты мәселелер әлі дұрыс шешілмей келеді. Мәселен, ауылда тек бір көше жарықтандырылған. Биыл жергілікті қазынадан 50 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 5 көшеге жарық тарту жоспарланып отыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко