Қарағанды облысында инклюзивті жұмыс орындары ашылды

Қарағанды облысында мүгедектігі бар жандар үшін инклюзивті жұмыс орындары ашылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Ол үшін мемлекет жұмыс берушілерге субсидия төлейді. Былтыр еңбек орталығы екі бағыт бойынша 13 арнайы жұмыс орнын құрған. Ал биыл үш топ бойынша, яғни, есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппаратында кемсітігі бар жандар еңбекпен қамтылады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Лидия Гонкинаның есту қабілеті нашар. Ол мансап орталығы арқылы мамандығы бойынша тігінші болып жұмысқа орналасқан. Мұндағы мүгедектігі бар жандарға ыңғайлы болуы үшін жұмыс орнына құлақтандыру жабдығы, сандық табло мен «ақылды» қол сағаттар орнатылған. Тігін цехы түрлі кәсіпорындардың, мекемелердің тапсырыстарын орындайды.

Лидия Гонкина, тігінші:

- Бұған дейін мен ательенің бірінде тігінші болып жұмыс істедім. Тапсырыстар біткенде маған басқа орын іздеуге тура келді. «Мансап» орталығына бардым. Маған үйіме жақын жерден жұмыс ұсынды. Жалақым тұрақты. Біздің ұжымымызкеремет. Бәрі бір-біріне көмектеседі.

Ал Ардақ Ысқақова ІІІ топ мүгедектігін алғаннан кейін жұмыссыз қалған. Ол «Еңбек ұтқырлығы орталығына» көмекке жүгініпті. Қазір қаладағы клиникалардың біріне әкімші болып жұмысқа орналасқан. Медициналық ұйымның басшылығы оған ыңғайлы болсын деп арнайы пернетақтасы бар және қажетті бағдарламалар жүктелген компьютер сатып алыпты.

Ардақ Ысқақова, клиника әкімшісі:

- Келген адамдарды тіркеп қоямын. Қандай ем алатыныын сұрап, журналға жазып, содан кейін емдеріне жіберемін. Жұмысым өзіме ұнайды, жеңіл. Бізге арналған компьютері мен клавиатурасы бар.

Жұмыс берушінің басты міндеті – мұндай ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлерге қажетті құрал-жабдықты, қондырғыны сатып алып, қолайлы жағдай жасау. Ол үшін мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Сондай-ақ үш жыл бойы жалақысының біраз бөлігі төленеді. Мысалы бірінші жылы жалақының 70%-і, екінші жылы 65%, ал үшінші жылы 60%-і мемлекет тарапынан субсидияланады. Биылдан бастап мүгедектігі бар жандардан жұмысқа орналасу үшін түскен өтінімдер үш бағыт бойынша қарастырылуда.

Нұрлан Сыздықов, «Еңбек ұтқырлығы орталығының» директоры:

- Мансаптық орталықтарына Қарағанды қаласына 5 өтініш түсіп, 11 жұмыс орнынан берілген болатын. Ол кісілердің өтініштері қаралуда. Және де  2024 жылы бізде 13 жұмыс орны құрылған болатын. Ол жерде көзі нашар көретін және құлағы естімейтін. Ал 2025 жылы оған қозғалыс тіреуі кемістігі бойынша үшінші топ қосылды. Бүгінгі таңда сол жұмыстар жүргізілетін болады.

Облыста қазір 55 мың мүгедек адам бар.  Олардың 32 мыңы еңбекке жарамды жастағы жандар. Бүгінгі таңда олардың үштен бірі өз бетінше немесе «Мансап» орталығының көмегімен жұмысқа олрналасқан.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков