2 млн гектар алаңды шегіртке жайлауы мүмкін

Биыл 2,1 млн гектар алаңда табын шегірткелері таралуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте 38 млн га жер зерттелетіні айтылды.

443 бүрку техникасы пайдаланылады. Қазір облыстарда жедел штабтар құрылып жатыр. Мәселен, Түркістанда шегіртке зиянкестерімен күреске дрондар пайдаланылды. Енді осы тәжірибені барлық аймаққа енгізу керек. Бұл үшін сатып алынған дрондар мен жер үсті бүріккіштері құнының 25%-ін субсидиялау көзделеді. Қазір «ҚазАгроҚаржы» арқылы 5%-пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдетілген лизинг ұсыну жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет резервінен 53 дрон, сондай-ақ инспекторлар үшін 68 көлік сатып алынды. Елде фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де көңіл бөлінеді. Бұл үшін «Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, FitoSpace бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізіледі.