Ақтаулықтар заңсыз құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр

Маңғыстау облысында былтыр 30-дан астам заңсыз құрылыс анықталып, іс сотқа жіберілген, деп хабарлайды 24KZ. Қазір тағы бірнеше нысан бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ақтауда тұрғындар аялдаманың орнына салынып жатқан құрылысқа наразы. Олар қала әкімдігі мен құзырлы органдарға шағым түсірді. Тексеріс нәтижесінде кәсіпкердің жалға алған жерден 10 есе көп аумақты заңсыз иемдегені анықталды.

Тұрғындар 15-ші шағынаудандағы құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр. Олардың сөзінше, кәсіпкерге аялдама салуға 70 шаршы метрдей жер берілген. Алайда құрылыс аумағы 600 шаршы метрден асып, үй ауласына көлік түгілі, адамның кіруі қиындап кеткен. 

Роза Манасова, қала тұрғыны:

- Біріншіден, жер жеке тұлғаға берілген. Сулейманов Тимур деген. Оның астында коммуникация желісі бар, орташа қысымды газ құбыры желісі бар. 650 квадрат болып салынып жатқан аялдама заңсыз екен. Өйткені аялдамаға тек 70 квадрат бөлінеді.

Ақтау әкімдігі мәселемен хабардар. Жауаптылардың сөзінше, аялдама салынуы тиіс аумақ былтыр қалалық жер комиссиясының шешімімен кәсіпкерге берілген. Көпшілік шағымынан кейін тексеру жүріп, жердің заңсыз рәсімделгені белгілі болды. Әкімдік өкілі мемлекетке кері қайтару бойынша сотқа талап арыз берілгенін де хабарлады. Жалпы өңірде 2023 жылдан бері 30-дан астам құрылыс нысаны заңсыз деп танылған.

Бегалы Қожахметов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

- Заңдылықтарын тексеру барысында бірнеше заңсыздықтар анықталды. 2024 жылы желтоқсан айында берілген қаулы өз күшін жойды. Қазіргі уақытта аталған жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Қуандық Аманқосұлы, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы облыс көлемінде 35 заңсыз құрылыс бар. Оның ішінде айта кететін жағдай, бесеуі мәжбүрлі түрде бұзылды. Қалған 30 объектілер бойынша қазіргі таңда ведомствоаралық комиссиямен қаралып жатыр. 15 құрылыс нысаны бойынша қаралып, оң шешімін шығару жағынан жұмыстар жүргізіліп жатыр.  Жалпы 35 құрылыстың бәрі – сотпен мәжбүрлі түрде бұзу үшін шешімі шығып тұрған объектілер.

35 заңсыз құрылыстың екеуі Жаңаөзенде, қалғаны Ақтауда анықталды. Соттың шешіміне сәйкес былтыр 5 құрылыс нысаны бұзылды. Өзге нысандарды ведомствоаралық комиссия тексеріп жатыр. Егер құрылыстың қауіпсіз екенін дәлелдеп, тұрғындармен келісімге келетін болса мердігерге салу жұмыстарын аяқтауға рұқсат беріледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев