Су шаруашылығы саласында кадр тапшы

Елімізде су шаруашылығы саласының мамандары тапшы.

Бұл мәселені шешу мақсатында былтыр Жамбыл облысында «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» ашылған. Оқу ордасының жұмысымен осы өңірге барған  сенат депутататары танысты. Оқу ордасына 124 студент грант негізінде қабылданды. Мұнда гидротехникалық жобалау және салу, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын басқару және суармалы егіншілік бағыттары бойынша мамандар дайындайды. Университет бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының негізінде ашылғандықтан, оқу корпусы мен материалдық техникалық базасы тозған. Ең жаңа қондырғының өзі 2013 жылы алынған, қалғандарының басым көпшілігіне 50 жыл болған. Мықты маман даярлау үшін материалдық базаны жаңарту қажет, - дейді оқу орнының басшылығы.

Ғалия Омарова, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің проректоры:

- Суармалы егіншілік полигоны бізде бар. Оларды сақтап қалғанбыз. Бірақ теория бізде жүргенімен, практика бізде озып кеткен жағдай болып жатыр. Осы бағытта бізге қолдау керек болып отыр. Оқу және ғылыми бағыттағы қондырғыларды алу үшін. 

Ольга Булавкина, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары:

- Дипломмен ауылға бағдарламасы аясында су шаруашылығына қатысты мамандықтарды да қамту қажет. Әлеуметтік пакет пен лайықты қаржы берілетін болса, жастардың да қызығушылығы артар еді. Коммитет отырысында осы мәселелерді талқылап, ұсыныс жасаймыз.