Семейде бір топ жасөспірім төменгі сынып оқушысын аяусыз ұрған

Семейде бір топ жасөспірім 6-сынып оқушысын аяусыз соққыға жыққан.

Онымен қоймай, оқиғаның  видеосын әлеуметтік желіде жариялаған. Қазір қылмыстық іс қозғалды.   Ал жапа шеккен балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Өзге ата-аналар баласы   үшін  алаңдап отыр. Өйткені  оқушылар арасында әлім-жеттік көбейіп кеткен.

Әлеуметтік желіде тараған видео осы.  Бір топ бала 6-сынып оқушысын аяусыз ұрып жатыр.  

Жасөспірімдер  баланы тепкілеп, басынан ұрып, үстіне секірген.  Ата-аналар осыған ұқсас оқиғалар  бұрын да болды, дейді.

Болат Жүнісбаев, қала тұрғыны:

 – Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз. Үнемі мектептен күтіп аламыз. Бұл жағдайдан кейін тіпті қорқатын болдық. Балалардың мұндай қатегіздікке баруы қорқынышты. Заңға сәйкес жазаларын алса деймін.

Алёна Кушнярова, қала тұрғыны:

– Мен бұл видеоны көргеннен кейін түнімен ұйықтай алмай шықтым. Бұл балалардың қатыгездігі сұмдық... Баланың тәрбиесіне қашанда бірінші кезекте ата-ана жауапты деп ойлаймын.

Абай облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Төбелеске қатысқандар анықталып, ата-анасымен   бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Сондай-ақ  бала құқығын қорғау жөніндегі өкіл оқушымен кездесті. Қазір жәбірленушінің жағдайы тұрақты- дейді білім басқармасының өкілі.

Әсем Нүскенова, облыстық білім басқармасы басшының орынбасары:

- Қазіргі таңда балаға барлық психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Баланың жағдайы қалыпты. Заңды өкілдерімен біз байланыстамыз. Бала үйінде.

Оқиғаға қатысты кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда бұзақы балаларды арнайы мектепке ауыстыру туралы мәселе қаралды. Комиссия шешімі енді облыстық сотқа жолданады.

Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы