Жол қозғалысына қатысты жауапкершілікті күшейту қажет
Елімізде жолдағы апат азаймай тұр.
Былтыр 31 597 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 600-ге жуық адам мерт болған. Бас прокуратураның берген дерегі осындай. Бұл олқылықтың алдын алмаса, мәселе түбегейлі шешілмейді. Осыған қатысты бүгін Сенатта дөңгелек үстел өтті. Депутаттар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи әдістерін әзірлеу үшін, кешенді шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Әуелі жол қозғалысына қатысты жауапкершілікті күшейту қажет деді. Бұл тұста тиісті мемлекеттік орган өкілдері мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мен жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру керектігін тілге тиек етті.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мемлекеттік орган өкілдерімен осы мәселелерді жан-жақты талқыладық. Шетелдің де тәжірибесін атап өтті. Жан-жақты қолданылып жатқан тәжірибені бізде енгізуіміз керек. Біз де жақсы жолдарды салып, инфрақұрылымын жөндеуіміз керек. Одан басқа біздің көліктің техникалық жағдайы, жол бақылау ережелері қандай болуы керек екенін талқыладық.