Жылыой ауданында 190 отбасы биыл баспаналы болады
Биыл Жылыой ауданында 190 отбасы баспаналы болады, деп хабарлайды 24kz.
Қазір аудан орталығындағы апатты үйлер сүріліп жатыр.
Сондай-ақ көпқабатты 18 тұрғын үйді күрделі жөндеу басталды. Тағы 10 үйді жаңғырту жоспарланған. Баспана кезегінде тұрған тұрғындарға реновация бағдарламасымен жаңа үй беріледі.
Жылыой ауданында 97 апатты үй бар. Жаңа баспана алуға кезегін күтіп жүргендердің бірі – Жұмағыз Демесінова. 80 жыл бұрын салынған барак типтегі үйінің бір қабырғасы былтыр құлап қалған. Тұруға келмегеннен кейін үй жалдауға мәжбүр болыпты.
Жұмағыз Демесінова, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Амал жоқ, бұл үйден кетуге тура келді. Қайда барамыз енді. Кетпегенде не істейміз? Мұның қай жеріне тұрамыз? Ана жағына тұрайық десек, су ағып жатыр.
Биыл ауданда апатты деп танылған 8 үй бұзылады. Реновация бағдарламасымен жаңа үйлер бой көтеріп, кезекте тұрған тұрғындар баспаналы болады- жауаптылар.
Нұрболат Сарманов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:
- 8 көпқабатты үй, сонымен қатар кезекте тұрған, техникалық сараптама жасалып, апатты деп танылған үйлердің өз кезектілігі бар. Сол кезектілік бойынша 36 жеке тұрғын үйлер, барак үйлер, сонымен қатар 8 көпқабатты үйлерді, барлығы 190 пәтерді 2025 жылға қойып отырмыз. 190 үй баспаналы болады. Қазіргі таңда 3 млрд үстінде ақша бөліп отырмыз.
Құлсары қаласындағы көпқабатты 18 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылып жатыр. Осылайша, шаһардың сәнін кетіріп, тозып тұрған үйлер жаңарады. Биылға тағы 10 үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Ерназ Қадыров, мердігер мекеме өкілі:
- Фасадын және шатырын ауыстырамыз. Одан кейін домофон қондыралатын болады. Осы жұмыстардың бәрі 25 мамырға дейін бітіруді жоспарлап отырмыз.
Жалпы облыс бойынша 217 апатты үй бар. Былтыр көпқабатты 24 үйдің тұрғындары жаңа баспана алған. Жергілікті билік бюджеттен қаражат бөліп үй сатып алу және инвесторларды тарту арқылы апатты үйлердің мәселесін шешуді жоспарлап отыр. Осылайша, үй кезегінде тұрғандар кезең-кезеңімен жаңа қонысқа көшіріледі.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин