Робот сот орындаушы қазақстандықтардың ₸600 млн қаржысын үнемдеген

Бүгінде ел азаматтары кей құқықтық қызмет түрін үйден шықпай-ақ ала алады, деп хабарлайды 24kz.

Соның бірі электронды нотариус қызметі. Былтыр электронды жүйеде 130 мыңнан астам сенім хат жасалып, 300-ге жуық кеңес берілген. Бүгін Үкіметте әділет органдарының жұмысын дамыту жайы сөз болды. Премьер-министр Олжас Бектенов саланы цифрландыру қадамдарын құптап, заңгерлік кеңес беру үшін чат-бот енгізуді жетелдетуді тапсырды. Сондай-ақ робот сот орындаушылардың қызметін кеңейту жүктелді.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Алты айда робот сот орындаушылары 125 мыңнан астам істі қараған. Осылайша, бастама өз тиімділігін көрсеткен. Пилоттық жоба аясында алғашында 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар өндіріліп келсе, енді 40 АЕК-ке дейінгі қарызды қайтару робот сот орындаушыларға жүктелмек. Автоматты жүйе біршама артықшылықтарға ие. Бұрынғыдай борышкерге кеңсе жағалаудың қажеті жоқ. Оны үйден отырып-ақ төлеу беруге болады. Қарыз өтелгеннен кейін шектеулер автоматты түрде алынады. Іс жүргізуді тоқтату, шотты қайта ашу үшін қандай да бір растау құжатын ұсыну міндетті емес. Цифрлық жоба азаматтардың уақытын ғана емес, қаржысын да үнемдейді. Жеке сот орындаушылар өз қызметі үшін қарыз сомасының 25%-і көлемінде ақы алып келсе, робот сот орындаушы тегін. Ұлттық даму жоспарына сәйкес алдағы 4 жылда министрлік бірқатар бастамаларды жүзеге асырмақ. Олардың қатарында мүлікке салынған тыйымды, елден шығуға уақытша шектеуді алып тастау және борышкерлер тізімінен шығаруды автоматтандыру бар.