Елордада сырғанақ тебу маусымы аяқталды
Елордада сыртқы мұз айдындарының жұмысы тоқтатылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Өйткені қытымыр қыс бітуге таяп, күн жыли бастады. Енді өзен-көлдердің бетінде сырғанауға болмайды. Қазір ойын алаңдарындағы жабдықтар жинастырылуда.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Санаулы күндерден соң шуақты көктем келеді. Яғни, бұл – сырғанақ маусымының соңғы сәттері. Енді өзен-көлдердің бетіндегі мұз күрт жұқаруы мүмкін. Сондықтан сырғанау қауіпті.
Сарыарқа ауданының өзінде 13 сырғанақ пен 5 мұз айдыны жасақталған еді. Сондай-ақ ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Әрбір алаңда нұсқаушылар кезекшілік етіп, балалардың қауіпсіздігін қадағалады.
Ермек Қыпшақбаев, қала тұрғыны:
- Келген кезде мұздың қалыңдығын, тайғанақтығын қарап, соған балаларды демалтамыз. Қыстың соңғы күндері ғой енді бұл. Осыдан кейін күн жылынады деп жатыр. Соңғы қысқы демалыс күндеріміз болғасын келіп кетеміз.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше қазір өзендегі мұздың қалыңдығы 40-45 см шамасында. Тиісті норма бойынша бұл әлі қауіпсіз деңгейге жатады. Дегенмен күннің жыли түсуіне байланысты сырғанақ маусымын аяқтау ұсынылған.
Әділ Жанкин, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:
- Ауа райының жылынуына байланысты біз қысқы жабдықтарды жинау жұмыстарын бастадық. Өйткені біздің ең басты мақсатымыз – адамдардың қауіпсіздігін қамту және мұздың еруіне байланысты рисктердің алдын алу.
Апта соңына дейін Астананың барлық ауданындағы сырғанақ пен мұз айдындары жұмысын тоқтатады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап