«Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар сотталды
Астанада 60 адамды алдап, 490 млн теңгеден астам ақша жинаған қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына сот үкімі шықты, деп хабарлайды 24kz.
Олар әлеуметтік желілерде өзін табысты кәсіпкер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлер арқылы тез пайда табуды ұсынған. Инвестиция сомасы 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде 90%-тен астам пайда әкелетіні айтылған. Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қосымша табыс қарастырылған. Пирамиданы ұйымдастырушылардың бірі салымшылардың ақшасына 69,5 млн теңгеге пәтер сатып алып, оны қайын енесінің атына рәсімдеген. Кейін мүлікті тәркілеуден жасыру үшін басқа адамға аударған, алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеп, сот пәтерге тыйым салды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлеміндегі шығынды өтеді. Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары қаржы пирамидасын құру және басқару, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық жолмен сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талабын өтеу үшін берілді.