Блогерлерге қатысты жаңа ереже енгізу ұсынылды
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде онлайн лотерея ұйымдастыратындар тарапынан заң бұзу деректері жиіледі. Олар: «Билет пен квитанция сатып, туристік жолдама, техника мен зергерлік бұйымдарды және қымбат жылжымайтын мүлікті сатамыз», – деп лотерея ұйымдастырып жатыр. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров осылай деп, блогерлердің мұндай әрекеттерін заңсыздыққа теңеді.
Оның айтуынша, заңсыз ұтыс пен лотерея өткізудің 106 дерегі тіркелген. Құқықбұзушыларға жалпы сомасы 46 миллион теңге айыппұл салыныпты. Бұл тұста депутат блогерлерге қатысты жаңа ереже енгізуді ұсынды. «Түрлі пікірдің пайда болуының алдын алу үшін инфлюенсерлердің табысын кәсіпкерлік қызметке жатқызу қажет. Сондай-ақ әлеуметтік желіде сыйлық ойнатуға жол бермеу үшін бақылауды күшейткен дұрыс», – деді депутат.