Қарағандыдағы көмір шахталарында қауіпсіздік қатаңдатылды
Қарағандыда көмір шахталарында қауіпсіздік күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ. Төрт кеніште позициялау жүйесі орнатылды. Ол төтенше жағдай туындағанда кеншінің жүрген учаскесін шұғыл анықтап, сол жерге құтқару қызметін жіберуге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін қалған төрт кеніште осындай қауіпсіздік жүйесі іске қосылады.
Бұдан былай әр кенші мен жерасты техникасы жоғары технологиялық позициялау жүйесінің бақылауында болады. Қазір ол Саран, Қазақстан, Ленин және Күзембаев атындағы шахталарда бар. Жүйе цифрлық «қорғаныс» іспетті. Яғни әр кенші жерастына түспес бұрын позициялау белгісі және іздеу сигналы бар жарықшаммен қамтамасыз етіледі.
Андрей Лукин, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы:
- Кеншілердің жарықшамына бейнебақылау мен іздеу сигналының генераторы орнатылған. Сол арқылы позициялау жүйесі жұмыс істейді. Диспетчер қандай да бір қауіп төнген жағдайда немесе шұғыл хабарласу керек болса, әр жұмысшыға белгі бере алады. Шахталарда газ мөлшерін анықтайтын құрылғылар, сейсмологиялық өзгеріс туралы белгі беретін датчиктер де қойылған.
Позициялау жүйесі тағы қалған төрт көмір шахтасында пайда болады. Осындай жүйелі жұмыстар өңірде қауіпті өндіріс орындары тізіміне енген 296 кәсіпорында жүзеге асырылады. Бұрын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының мамандары заңбұзушылыққа жол берген кәсіпорынға нұсқама беріп, кейін талаптар орындалмағанда істі сотқа жіберетін. Енді Кәсіпкерлік кодекстегі өзгерістерге сәйкес олардың құзыреті күшейді.
Ерболат Шортанбаев, ТЖД бастығының өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша орынбасары:
- Нұсқама береміз. Оның орындалуын байқаймыз. Орындалмаса, біз жұмыстарын тоқтата аламыз. Өткен жылы ол сот арқылы кететін. Қазір өзіміз оның барлығын тоқтата аламыз.
Еңбек қауіпсіздігі жиі бұзылады
Былтыр еңбек инспекциясы 2 мыңнан астам шағым қараған. Жұмыс берушілерге 700-ге жуық тексеріс жүргізіліп, оның жартысынан көбінде заңбұзушылықтар дәлелденді.
Мәди Әлжан, облыстық Еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары:
- Негізінен жұмысшылардың шағымы бойынша тексеріс жүргіземіз. Көбіне жұмыс берушілер техникалық қауіпсіздікке салғырт қарайды. Осының кесірінен тау-кен, құрылыс, өнеркәсіптік салада қайғылы жағдайлар жиі тіркеледі. Біз нұсқама беріп, айыппұл саламыз.
Былтыр облыста өндірістегі оқыс жағдайдан 159 адам жарақат алып, 26 адам көз жұмды. Ал жыл басында жұмыс барысында 6 адам жарақаттанды. Осылайша 2023 жылы Костенко атындағы шахтада болған апат пен жақында Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі қайғылы жағдайлар салдарынан бақылау екі есе күшейтіліп отыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков