Су тасқыны: ШҚО-да су қоймалары тәулік бойы бақыланады

Елде тасқын қаупі жоғары 8 облыстың ішіне Шығыс Қазақстан да кіреді, деп хабарлайды 24KZ. Қазір өлкеде қызыл судың алдын алу үшін сақтық шаралары күшейтілді. Мамандар су қоймалары мен өзен-көлдердің деңгейін тәулік бойы бақылауға алған. Мысалы, қар қалың түскен Самар ауданындағы «Лайлы» су қоймасы басты назарда. Себебі бұл өлкедегі ең қауіпті тоған саналады.

Самар ауылы «Лайлы» су қоймасының тура ауызында тұр. Лап қойса, дес бермесі анық. Мұндай жағдай осыдан 15 жыл бұрын тіркелді. Ескірген бөгет жарылып, 134 үй су астында қалған. Қазір «Лайлының» су сыйымдылығы 770 мың текше метрге тең.

Әсет Сейілқұмаров, Самар ауданы ТЖБ бастығы:

- Лайлы су қоймасы көктем сайын бақылауға алынады. Қазірден бастап кезекшілік құрдық. Әзірге тыныш, десек те әр өзгерісті тіркейміз. Себебі сай-саладан келетін судың бәрі осында жиналады. Сондықтан мониторинг жасаудың маңызы зор.

Гидроқұрылғыдан шыққан су ауыл ішімен өтетін Лайлы өзеніне құяды. Қазір ағысқа кедергі болмайтындай арықтар мен су өткізу құбырлары тазаланып жатыр. Әсіресе омбы қарды сыртқа тасу оңай емес. Осы күнге дейін 10 мың текше метрден аса ақ ұлпа шығарылды.

Андрей Стукачев, мердігер компания өкілі:

- Қар апталап, толассыз жауған күндер болды. Ол кезде таңғы 4-тен бастап көшеге шығамыз. Әйтпесе үлгермей қаламыз. Жалпы Самарда жылда қар қалың түседі. Қазір техника да, жұмысшылар да дайын. Күнделікті тазартып жатырмыз.

Қар жауғанда техниканың көшеге шыққаны жұртқа да жағады. Себебі аяқ алып жүру қиындайды.

Тұрсынбек Тұңғатаров, Самар ауылының тұрғыны:

- Тазаланбаса, бітер еді Самар, быт-шыт болар еді, қардың бәрін тазалап, шығарып жатыр. Биыл көп жауды қар былтырғыға қарағанда.

Тұтас облыста тасқынға қарсы қам былтырдан бері жүргізіліп келеді. Бұл үшін 2 миллиардтан астам теңге бөлінді. Алтай, Марқакөл, Риддер сияқты бірнеше өңірдегі өзендерде кептеліс болуы мүмкін 19 учаске анықталып, мұз көбесін сөгу жұмыстары да басталды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов