Шымкентте алаяқ 46 миллион теңгемен қашып кетті

Шымкентте интернет-алаяқтар тобы ұсталды, деп хабарлайды 24KZ. Үшеуі қамауға алынып, тағы біреуіне іздеу жарияланды. Ол 46 миллион теңгені қалтаға басып қашып кеткен.

Қылмыскерлерді құрықтауға алаяқтардың арбауына түскен зейнеткер көмектесті. Қарияға қоңырау шалған алаяқ өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырыпты. SIM-картасының жарамдылық мерзімін ұзарту қажеттігін айтып, хабарлама арқылы түскен кодты айтуды сұраған. Ал 10 минуттан кейін жалған полиция қызметкерлері қоңырау шалады. Олар депозиті бар банк есепшоты бұзылғанын айтып, ондағы ақшаны сақтап қалу туралы нұсқаулық берген. Зейнеткер жақын орналасқан банк бөлімшесінен шотындағы барлық ақшасын шешіп, алаяқтардың қолына ұстатып жіберген. Бұл Шымкенттегі интернет-алаяқтықтың жалғыз жағдайы емес. Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері 134 тұрғын осындай схемалардың құрбаны болған.

Шыңғыс Жайлаубек, Шымкент қаласы ПБ киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары:

- Жәбірленушілерге өздерін жалған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жалған банк қызметкері және жалған байланыс операторының қызметкері ретінде хабарласып, азаматтарды алдау арқасында аттарына несие рәсімдеп жатыр. Ең кең тараған түрлерінің бірі – WhatsApp әлеуметтік желісінде өздерінің танысы, достары, жақындары арқылы ақшаны қарызға сұрау. Яғни азаматтар басқа жазып жатқан достары, таныстары екеніне көз жеткізбей, өзінің бар қаражаттарын белгісіз шотқа аударып отыр.