Көпбалалы отбасылар салықтан босатылады
Елде көпбалалы отбасылар салықтан босатылады, деп хабарлайды 24KZ. Берешек шегерімі төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар ата-аналарға беріледі. Егер үйде күйеуі немесе әйелі ғана жұмыс істейтін болса, онда оларға ай сайын 23 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде шегерім жасалады. Үкіметтің мұндай қолдау шарасын алу үшін азаматтар нені білу керек? Қандай құжат тапсырады, қайда барады?
1 қаңтардан бастап елімізде бірнеше санат аясында салық шегерімдері күшіне енді. Өзгерістің бірі – көпбалалы отбасыларға жасалып отырған жеңілдік. Ереже қазақша жазылса да, бухгалтерияның күрделі тілін ұғу біразына оңай болмаған сияқты. Жұрттың әлі де түсінбей жатқан тұсы – ол «Бұл қаржыны Үкімет ай сайын қолымызға бере ме?», «Қалай аламыз?», «Қандай құжат тапсырамыз, қайда барамыз?» деген сұрақтар.
Ешкім ешқандай ақшаны қолға бермейді. Мемлекеттің мұндай қолдау шарасын азаматтар былай ала алады. Мысалы, отбасындағы ер мен әйелдің біреуі жұмыс істейтін болса 90 мың теңге, ал екеуі де жұмыспен қамтылса, әрқайсысы 47 мың теңге есебінде салықтық шегерімді қолдана алады. Бұл жерде ата-ана жеңілдікті қалай бөлу керек екенін өздері таңдайды. Ал салық шегерімін алу үшін жұмыс берушіге өтініш жазады. Балаларының туу туралы куәлігінің көшірмесін қоса тапсыруы қажет.
Гүлжан Қалменова, ҚР ҚМ МКК жұртшылықпен байланыс-хатшылық басқармасының басшысы:
- Аталған салық шегерімін жеке тұлғаның өзі де қолдана алады немесе жұмыс беруші де қолдана алады. Мысалы, жеке тұлға салық шегерімін салық агентінде қолданғысы келсе, жұмыс берушіге өтініш пен құжаттарын туу туралы куәлігінің көшірмесін ұсыну керек. Өз кезегінде жұмыс беруші аталған жеке тұлғаның жеке табыс салығы салынатын кірісін көпбалалы отбасы үшін салықтық шегерім соммасына азайтуы тиіс.
Тағы бір ескеретіні, отбасындағы бала саны 4-ке жетуі керек. Барлығы 18-ге толмаған болуы шарт. Осы жерде ата-аналарда мынандай заңды сұрақ туындайды. «Қаңтарда төртінші балам дүниеге келді, біз санатқа кіреміз бе?» деген. Жоқ, кірмейді. Бұл отбасылар келесі жылғы шегерімді пайдалана алады. Жеңілдіктің ең жоғары сомасы – жылына 282 айлық есептік көрсеткіш. Яғни 1 млн 108 мың теңгеге дейін салық шегерімі қарастырылған.
Бұған дейін көпбалалы отбасылар үшін елде мұндай салық шегерімдері қолданылған жоқ. Биылғы өзгеріске сарапшылар не дейді? Қазынаға түсетін қаржыға әсері қандай екен?
Бауыржан Ысқақ, экономист-сарапшы:
- Отбасылардың салықтық аударымдарына жасалып отырған жеңілдік – бұл бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың жанұялық бюджетін тиімді басқаруға беріліп отырған мүмкіндік. Ер азамат жылына, айына 200 мың алатын болса, барлығын төлеп, жеке табыс салығы бар, зейнетақы қорына бар аударымдары, МӘМС-ке төлеген соң қолына 155 мыңдай алатын болса, егер де осы салықтық жеңілдікті қолданатын болса, әр ай сайын 12-13 мың теңгеге дейін көбірек алады. 167 мың тенгеге дейін.
Осылайша 2025 жылы көпбалалы ата-аналар кірісінен ай сайын шамамен 90 000 теңге салық салудан босатылады. Айтпақшы, шегерімдер тек салықтық кезең ішінде қолданылады. Сондықтан қажетті құжаттарды өз уақытында тапсыру маңызды.