Түркістан облысында құстарды заңсыз атқандар ұсталды

Түркістан облысында құстарды заңсыз атқандар ұсталды, деп хабарлайды 24KZ. Браконьерлерді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері қолға түсірген.

Өңірде қазір аңшылыққа тыйым салынған. Алайда Отырар ауданындағы Шошқакөл маңында құс аулайтындар қатары азаяр емес. Заң бұзғандардан 4 атыс қаруы тәркіленіп, айыппұл салынды. Ұсталғандардың бірі бұған дейін де заңсыз аңшылыққа шыққан.

Бақыт Мұсалиев, облыстық жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аңшылық маусымының алдында тазалық жұмыстары жүргізілді. Барлық аңшылардың келіп кетер аумағы тазаланып, ескертпе тақтайшалар қойылғаны жөнінде аңшылық маусымының алдында рейдтік іс-шара қатаң жүргізіліп жатыр. Заң бұздырмау мақсатында. Ұсталған азаматтар өте көп деп айтсақ та болады. Құстардың қыстау аумағы. Құстар қысымен болады. Соның тыныштығын сақтап қалу мақсатында рейдтер күшейтілді.