Семейліктер жаз бойы ыстық сусыз қалады

Семейліктер биылғы жазда тағы да ыстық сусыз қалады, деп хабарлайды 24KZ. Мамандардың айтуынша, бұл қазандықтарды жөндеу жұмыстарына байланысты.

Бұған қоса қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Жылукоммунэнерго» мекемесінің көмір мен жылу энергиясына берешегі жиналып қалған. Коммуналдық кәсіпорындар алдындағы қарызы шамамен 3 миллиард теңгеге жуықтады. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, ыстық суды үздіксіз беру қымбатқа түседі. Сол себепті мекеменің қарызы алдағы жылыту маусымында кемінде тағы 600 миллион теңгеге артуы мүмкін.

Елена Проскурикова, ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Жылу қазандықтарын жөндеу үшін алдымен қаржы бөлінеді. Содан кейін конкурстық рәсімдер өтеді. Бұл жұмыстар қазан айына дейін жалғасады деп жоспарланған.

Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Кәсіпорын бастапқыда шығынға ұшыраған. Біз тарифті 24%-ке емес, тек 14%-ке көтердік. Бірақ бұл да жағдайды толығымен тұрақтандырмайды. Енді ыстық су мәселесі қалада үшінші ЖЭО салынған кезде түбегейлі шешіледі.