Жетісуда су тасқынының алдын алу шаралары басталды

Жетісулықтар су тасқынына дайындалып жатыр.

Биыл төрт ауданда 20-дан аса қауіпті аумақ анықталды.

Қазір жергілікті әкімдік су шайып кетуі мүмкін деген жерлерді нығайтып, сақтық шараларын күшейткен. 

Мұқаншы ауылында тұратын Виктор Тяннің отбасы өзен деңгейі көтерілген сайын үрей құшағында өмір сүретін. Себебі 2010 жылы оның баспанасын су басқан. Қауіпті жағдай қайталанбас үшін қазір 100 метрлік тоған қазылып, ағын судың арнасы түзетіліп жатыр. Жұмыс аяқталғанда үш үйдің тұрғындары алаңсыз күн кешеді.

Виктор Тян, Мұқаншы ауылының тұрғыны:

- Канал қазылып жатыр. Енді Мұқаншы өзенінің екі арнасы болады. Сондықтан бізге су көп келмейді. Ауламызды су басып кете ме деген қорқыныш та болмайды. Жақсы болды. 

Мұсабек ауылында мыңнан аса адам тұрады. Былтыр еріген суы елдімекеннің жоғарғы жағындағы арықтан асып, арнасы кеңейтілген. Ал биыл екіншісі қолға алынды.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Таудан келген тасқын суды Мұсабек ауылына жібермей Көксу өзеніне қарай ағызып жіберетін айналма канал осы. Оның ұзындығы төрт жарым шақырым. Кейінгі отыз жылда тазаланбаған тоғанның бір шақырымнан астамы мынандай ағаштардан арылтып, табаны тереңдетіліп жатыр. 

Тоспаның қауіпті деп танылған бөлігі биыл, қалғанын келер жылы тазалау жоспарланған. Сол кезде каналдан секундына үш текше метрге дейін су ағады. 

Ербол Жоламанұлы, Мұсабек ауылдық округінің әкімі:

- Ауылда 300-350 гектар шаруа қожалықтарының жерін түгел қайыр басып кетеді. Ол кепкенше  шаруа қожалықтар егін егу науқанын өткізіп алады. Соған кішкене қиындық туғызып тұрғандықтан біз алдын-ала осы жұмыстар аудан тарапынан атқарып жатқан іс.  

Нарұл Абайұлы, Көксу ауданы әкімі аппаратының бас маманы:

- Көксу ауданы бойынша бес су басу қауіпті аймағы анықталды. Оның қазір үшеуінде Талапты, Мұқыры, Жарлыөзек ауылдық оругтерінде жұмыс аяқталды. Қазіргі таңда Мұсабек пен Мұқаншы ауылдарында жұмыстар жалғасып жатыр. 

Казгидромет мамандары өңірдегі Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Алакөл аудандарында су басу қаупі бар 26 учаскені анықтаған. Соның 20-да сақтық шаралары атқарылса, алтауында жұмыс жалғасып жатыр. Одан бөлек облыстық төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері 40-тан аса елдімекенді бақылауда ұстап отыр.

Ринат Тазабеков, ТЖД Басқарма бастығы:

- Жетісу облысында су тасқынына бейім 47 елді мекен анықталған. Оның елді мекенінде қабылданған шаралармен су тасқыны қауіпі төмендетілген. Қалған төрт елдімекенде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аймақта көктемнің лебі сезілгенімен синоптиктер күн райы күрт бұзылатыны жайлы ескерту жариялады.

Әйгерім Айтуған, инженер-синоптик:

- Бүгінгі түнде бүкіл жерде қар күтіледі. Облыстың шығысында және таулы аудандарында тәулік бойы тұман күтіледі, көктайғақ күтіледі. Осы келе жатқан жетінші сегізінші наурыздарда ауа температурасының жоғарлауы түнде минус он градустан минус он градусқа дейін жоғарылайды. Күндіз 7 градустан 13 градусқа дейін жоғарылайды. 

Әзірге өңірдегі жағдай қалыпты. Су тасқынына қарсы инертті материал, 900-ден астам техника мен 500 адамнан тұратын жеке құрам жасақталған. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосын