Оралда былтырғы су тасқынынан кейін жаңа баспана ала алмай жүргендер бар

Оралда былтырғы су тасқыны кезінде зиян шегіп, одан кейін жаңа баспана ала алмай жүргендер бар.

Кейбірі бүлінген үйін әлі жөндетпеген. Көпшілігінің меншік құқығы туралы құжаты дұрыс болмағандықтан, қалалық әкімдік қабылдамай қойған.

Сотқа жүгінген 500 адамның 20-сының ғана талап-тілегі орындалды. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Жайық және Шаған өзендерінің жайылмасындағы 14 мыңдай саяжай телімі былтыр көктемде су астында қалған болатын. Соның 8 мыңында тұрғын үй болған екен. Арнайы құрылған комиссия азаматтардың жалғыз баспанасы санатындағы 3 мыңға жуық жылжымайтын мүліктің жарамсыз екенін анықтап, 2700 тұрғынға пәтер беріліпті.

Түрлі қайырымдылық қорлары 70 отбасына баспана алып беріп,   500-дей үйді жөндеуге қаржы бөлген. Дегенмен, не жаңа пәтер ала алмай, не бүлінген баспанасын жөндете алмай жүргендер аз емес. Солардың бірі Меловые горки ауылы маңындағы саяжай тұрғыны Ольга Тюнина. Былтыр Жайық суы шатырға дейін жетіпті. Үйді әлі өз күшімен жөндеп жатыр. Комаров саяжай серіктестігін бұрын 52 жанұя қысы-жазы мекендесе, қазір Тюниндер отбасы ғана қалған. Басқасы баспаналы боп, көшіп кеткен.

Ольга Тюнина, қала тұрғыны:

- Оралдан 50 шақырым жердегі Теректі ауылында ата-анам тұрады. Олардың үйінде аға-ініммен бірге менің де мұрагерлік үлесім болатын. Міне сол себепті қалалық әкімдік көмек беруден бас тартты. Ең болмаса жөндеуге де ақша берілген жоқ. Қазір барар жер, басар тауымыз жоқ. Ауылға барып тұр дейді. Ол үйде бауырларым бар. Әрі ауылда жұмыс жоқ.

Бүгінде қалада 100-ге жуық отбасы бүлінген баспанасында тұрып  жатыр. Қала басшылығы зардап шеккен азаматардың жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы құжаты дұрыс  болмады, енді сот шешімі бойынша ғана көмек бере аламыз дейді.

Азамат Халелов, қала әкімінің орынбасары:

- Жалпы қазір басым бөліктері тұрғындардың баспаналы болды. Алайда бірқатар азаматтарымыз бар әлі де әкімдікке келіп, әкімдіктің шешіміне наразы болып жүрген. Ол кісілердің басты себебі өздерінің атындағы саяжайлары әке-шешесінің атында болуы мүмкін, тума-туыстарының атында болуы мүмкін. Ол кісілер сотқа шағымдануы керек, сот түрінде қарау керек, барлық мәселелерді сотпен шешіп көру керек.

Дәл қазір 46 азаматтың арызы әкімшілік сотта қаралуда. Ал жалпы былтырдан бері баспанасы бүлінген 500-дей азамат сот төрелігіне жүгінген. Соның тек 20-ның ғана жолы болыпты. 300-ден астам арыз қанағаттандырылмаған. Күні бүгін су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі қалалық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия өз жұмысын жалғастыруда.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов