Медиация саласының мұңы көп
Әу баста сот жүйесінен тыс жүргізілуге тиіс кәсіппен қазір судьялар айналысып жүр.
Ал бұл саланың әдепкі қағидасына сай келмейді. Кәсіби медиаторлар осылай деп, бітімгердің тәуелсіз әрі бейтарап болуын сұрайды. Қазір елдегі даулы істердің басым бөлігін судья-медиаторлар қарап жүр. Осының әсерінен кәсібилерге жүгінетіндер саны едәуір азайған. Мәмілеге мұқтаж мамандар мұңын Бекзам Аманов тыңдап қайтты.
Күлпәш Шалболова медиация саласында 2011 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақытқа дейін мыңнан аса істі қарап, даулы мәселелерді мәмілемен шешіп жүр. Әсіресе, отбасылық жанжал бағытында қызықты кейстер көп. Жастар көбіне түкке тұрмайтын себептермен ажырасады дейді ол. Тәжірибелі медиатор Англияда оқып келген ерлі-зайыптының оқиғасынан мысал келтіреді. Нәрестені бесікке салуға қарсылықтан басталған құдағилар қақтығысы шаңырақты шайқалта жаздаған. Абырой болғанды, іске кәсіби медиатор қосылды.
Күлпаш Шалболова, кәсіби медиатор, медиаторлардың жаттықтырушысы:
- Қызды алып кетіп қалған, ажыраспаса өзіме қол жұмсайымын деп шықты. Ол қиын адам. Ал Петропавл мамасы, шляпа киген орыс. Оны бірден басып алдым. Әртіспіз біз. Орамал тағып, әже болып үйіне барып, Әй Рабиға отыр, әңгіме соғайық деп. Сол әңгіме барысында езіп, езіп алып, аяғында құдағайым кешір десе жіберемін деген.
Міне медиацияның түпкі мақсаты – осы. Дәл осындай жолмен Күлпәш Шалболова 56 жанұяның түйкілімен танысып, 26 шаңырақты сақтап қалды. Мұндай мысалды кез келген салада келтіруге болады. Комерция сынды кикілжіңі көп болатын салалардағы істердің басым бөлігін бітімгерлер арқылы шешуге болар еді. Алайда заңнамада бұл қарастырылмаған. Кәсіпті алғашқылардың бірі болып бастаған Мавлина Хабиева әдепкіде жылына 200-ден аса іс қаралғанын еске алады. Алайда судья-медиаторлар пайда болғалы жүгінетіндер 10 есе азайыпты.
Мавлина Хабиева, кәсіби медиатор, медиаторлардың жаттықтырушысы:
- Қазір азаматтардың 90 пайызы сотқа жүгінеді. Әу баста медиация сот жүктемесін азайтады деп жоспарладық. Бірақ сотқа дейін медиаторларға жүгіну міндетті емес болып шықты. Сондықтан сотпен қатар жұмыс істеп келеміз. Ал біздің азаматтар сотқа жүгінуге дағдыланған. Оны салмақты әрі нақты орындалатын шешім деп қабылдайды. Өкінішке орай, медиативтік келісімге мұндай көзқарасы жоқ.
Судья-медиаторлар әр соттың қарамағында бар. Орта есеппен бір маман аптасына 25 істі қарайды екен. Былтыр 74 мыңнан аса кикілжіңді шешіп, тараптарды татуластырған. Бітімгерлік қызметті қоса атқарып жүрген судьялар кәсіби медиаторлар шағымымен келіспейді. Керісінше, біз азаматтарға көмек көрсетеміз дейді олар.
Әлия Өтегенова, қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот судьясы:
- Бізге жүгінетіндер саны артуда. 2023 жылмен салыстырғанда 28 пайызға өсті. Биылдың өзінде тек экономикалық сот бойынша 182 келісім жасалды. Біз кәсіби мамандардың нанын тартып алмадық. Медиатор ақылы қызмет, ал бізде бұл тегін. Керісінше, тараптар татуласқан кезде мемлекеттік баж қайтарылады. Одан басқа да шығындары азаяды.
Бітімгерлерді даярлау ісінде де сұрақ көп. Мамандар шалғай ауылдарды аралап, медиацияны сонда енгізу керек дейді. Тағы бір мәселе – мемлекеттік тілде жұмыс істейтін медиаторлар мұңы. Қазір елде 3 мыңнан аса кәсіби медиатор болса, соның 74-і ғана қазақтілді. Себебі қаржыландыру жетіспейді.
Күлпаш Шалболова, кәсіби медиатор, медиаторлардың жаттықтырушысы:
- Неге бізде қазақтілді медиаторлар аз? 74 адам бар. Оның көп болса 11-і қазақша жұмыс істейді. Қалаға керек емес медиация ауылға шығу керек, қарапайым адамдарға бару керек. Госзакуптарға қатысамыз, қайта-қайта. Сол жаққа кіре алмай қаламыз. Сол қазақтілді медиаторларды дайындауға құлшыныс жоқ сияқты. Тек орысша, кәсіби медиаторларды орысша дайындайды.
Иә, медиаторлардың өздеріне мәміле керек. Көзқарастар қайшылығы қаптаған сала енді бір жолға қойыла бастады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректеріне сенсек, бұл мамандарды даярлау ісіне бақылау күшейтіпті. Енді сертификатты кім көрінген бере алмайды. Оның үстіне медиация мәселесі үйлестіру кеңесінде қаралатын болды. Яғни тараптардың түйіткілі осы жерде пысықталып, шешімін табады.
Бекзат Аманов