Сенатта еліміздің қорғаныс жүйесін нығайтуға бағытталған заң мақұлданды

Қосалқы құрамдағы әскери қызметшілердің мәртебесі мен міндеті айқындалады. Бүгін Сенатта еліміздің қорғаныс жүйесін нығайтуға бағытталған заң мақұлданды, деп хабарлайды 24kz.

Заң бойынша азаматтарды әскери резервке шақыру жоспарланған. Олар үнемі тиісті дайындықтан өтіп, жиындарға қатысады. Қосалқы құрамға кем дегенде 18 жастағы ерлер шақырылады. Әрі 3 жыл мерзімге келісімшарт жасалады. Бұл тұста Қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдарды резервтік күштермен қамту көзделген. Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызметте не бірнеше ауысымда жұмыс істейтін адамдар резервтегі әскери қызметке қабылданбайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Заң резервтегі әскери қызметті өткерудің құқықтық негіздері мен шарттарын қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатпен резервтегі әскери адамдардың мәртебесі, олардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Әскери қызметін резервте өткеретін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі де реттеліп отыр. Мақұлданған заң Қарулы күштеріміздің әлеуетін және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.