Елордалық жедел құтқару жасағы биыл 31 адамды құтқарды
Ертең алғыс айту күні. Қоғамда адамның күні адаммен десекте, күнделікті өмірде елдің алғысын арқалап жүрген мамандар көп. Солардың ішінде құтқарушылар алдыңғы қатарда тұратыны сөзсіз. Жыл басталғалы елордалық жедел құтқару жасағы 200-ден астам шақыртуға барып, 31 адамға көмек қолын созды, деп хабарлайды 24KZ.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Мен жедел құтқару жасағының жаттығу базасындамын. Қазір биік ғимараттың терезесінен арқанмен түсіп көремін. Биіктік негізі менің фобиям, бірақ жеңуге тырысамын. Бұл ғимараттың биіктігі 13 метр шамасында. Осының өзі маған оңай болған жоқ. Ал құтқарушылар бұдан да биік ғимараттардан түседі және күніне бірнеше шақыртуға барады.
Ұлан Нұрғалиев мұндай жаттығуларды жиі орындап тұрады. Құтқару қызметіне келгелі 10 жылдай уақыт болған. Осы аралықта талай адамға жедел көмек көрсетті. Мәселен, көпқабатты үйдің терезесінде құлауға шақ тұрған жасөспірімнің өмірін сақтап қалды.
Ұлан Нұрғалиев, қалалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
- Терезеде деп айтқан, барсақ, терезеде жоқ. Мен барсам, бала терезеден шығып кеткен. Кондердің үстіне отырып алған ғой. Құлақта наушник, ойынға кіріп кеткен бе?! 13 жасар бала. Соны құтқардық. Неше түрлі жағдай болады енді.
Сонымен қатар құтқарушылар пәтерде қамалып қалған бірнеше балаға қол ұшын созды.
Құтқарушылардың айтуынша, күн сайын шұғыл шақырту түседі. Соның ішінде дәл осындай жағдайлар жиі кездеседі. Пәтерге кіру үшін мамандар келесі қабаттағы терезеден төмен түсуі тиіс.
Павел Володин, радиациялық химиялық қорғау бөлімшесінің бас құтқарушысы:
- Мысалы, 27-ші қабаттағы пәтерде 2 жасар бала қамалып қалған, есікті іштен аша алмайды. Біз дәл сол пәтердің үстіндегі терезе арқылы төмен түсуіміз керек еді. Алайда көршілері есікті ашпай қойды. Тек 32-ші қабаттағы тұрғындар есікті ашты. Сол қабаттан арқанмен төмен түсіп, балаға көмек көрсеттік.
Жедел құтқару жасағы әрдайым сақадай сай. Жұмыс кестесіне қарамастан тәуліктің кез келген сәтінде шұғыл шақыртуларға жөнеледі.
Дәл осы мамандар Түркиядағы жер селкінісі кезінде Қазақстан тарапынан көмекке барды. Олар өз өмірін тәуекел етіп, үйінді астынан 7 адамды аман-есен алып шықты.
Ұлан Нұрғалиев, қалалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
- Ғимараттың бәрі құлап жатыр. Ондайды бұрын көрмегенбіз. Еще барған кезде бірінші-екінші күні жер сілкініп тұрды ғой. Күніне 5-6 рет сілкініп тұрады. Көп болмайды, белгілі бір балл. Сол кезде кішкене үрей болды. Өзіміз осы мамандықты таңдағасын қолымыздан келгенше көмектестік.
Астаналық құтқарушылар былтыр 1600-дей шақыртуға барып, 175 адамды құтқарған. Ал биыл тағы 31 адамға көмек көрсетті. Қазір жедел құтқару жасағы көктемгі су тасқынына дайындығын пысықтап жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ырыстанбек Оспанов