Елдегі үнді этномәдени бірлестігі Ақтауда құрылған

Қазақстандағы «Сәлем, Намасте» үнді этномәдени бірлестігіне төрт жыл толды.

Құрамында 40-қа жуық адамы бар бұл ұйым Ақтау қаласында жұмыс істейді. Бірлестік мүшелігінде тек үндістандықтар ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ұлт өкілдері де бар.

Ассамблея ғимаратындағы шағын кабинетте кірсеңіз, Үндістанда жүргендей әсерде боласыз. Мұнда үнді халқының ұлттық киімдері, әдебиеті, тіптен тұрмыстық бұйымдары қойылған. Үндістанның кинофильмдер арқылы көпшілікке танымал болған музыкалық аспаптары арнайы экспозиялық бұрышқа қойылған.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Экспозициялық бұрышта оннан астам музыкалық аспап бар. Үнді халқы қасиетті деп санайтын аспаптардың арасында мридангам, яғни барабан бар. Ал қазақтың домбырасына ұқсайтыны Ситар деп аталады. Біздің кейіпкеріміз Хитеш Вадодария мұның барлығын Үндістаннан алып келген.

Хитеш Чандра Вадодария - Үндістанның Джамшетпур деген қаласының тумасы. Қазақ жеріне алғаш рет 2003 жылы келіпті. Көлік-логистика саласында жұмыс істейтін үнді азаматы әуелі Алматыда, кейін Ақтауда жұмысын жалғастырған. Ол 2021 жылы «Сәлем Намасте» этно-мәдени бірлестігінің ашылуына белсене атсалысады. Құрамында 30-дан астам мүшесі бар бірлестікті оның жұбайы Надежда Вадодария басқарады.

Хитеш Чандра Вадодария, «Сәлем, Намасте» үнді этномәдени бірлестігінің негізін қалаушы:

- Маңғыстауда тұрып жатқаныма 23 жылдан асты. Жұмыс бабымен келген алғашқы жылдары осында тұрақтап қаламын деп еш ойлағаным жоқ. Отбасы құрып, жергілікті халықпенн етене араласып кеттім. Бірлестік құрудағы мақсатымыз - көпшілікке үнді мәдениеті мен әдебиетін дәріптеу. Биыл ұйымның құрылуына 4 жыл толады. Соған орай атқарылатын мәдени-көпшілік шараларға дайындық қызу жүріп жатыр.

Сәния Ғалымжанқызы, қала тұрғыны:

- Кішкентай кезімізде «Зита мен Гита» киносын көріп, түнімен жылап, көршілерімізбарлығымыз соны қарайтынбыз. Сол балалық шақтың әсері болар, үстіміздегі сари бұл да қалыңдықтың киетін киімі ғой негізі. Мына жерде тек маңдайыма точка жетпей тұр дейінші. Осы Хитеш мырза арқылы үнді халқына махаббатымыз күшейіп келе жатыр. Соған алғыс. Негізі Делиге барғым келеді. Мүмкін болашақта барып қалармыз.

Қазір Маңғыстауда 60-тан астам үндістандық тұрады. Солардың басын біріктіріп жүрген Хитеш Чандраның айтуынша, қазақ және үнді мәдениетінің ұқсастығы көп. Тіптен махаббат, дос деген сөздер біріне бірі ұқсас үнде айтылады екен. «Қазақстан - бір шаңырақ астында өзге ұлт өкілдеріне өз мәдениетін дәріптеп, тату-тәтті тұруға мүмкіндік берген ел. Сол себепті қазақстандықтарға айтар алғысым шексіз» - дейді ол. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев