Моңғолиядан елімізге қандастар оралды
Атажұртын аңсаған қандастар елге оралды.
Бүгін Ақмола облысы Жібек жолы ауылына Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан 8 отбасы келіп қоныстанды.
Жылдар бойы атажұртын аңсаған қандастардың көңілі шат. Өйткені бүгін атамекенімен, туған топырағымен қауышатын көптен күткен сәт. Баян-Өлгий аймағынан келген 8 жанұя Ақмола облысы Жібек жолы ауылына табан тіреді. Үкімет өкілдері, ауыл тұрғындары алыстан жеткен ағайынды шашу шашып, қуанышпен қарсы алды.
Жексенбай Қайып, қандас:
- Ала бағанды ағайындар бүгін міне бас қосып, құт боп жатыр. Мен руханият саласында қызмет атқарған адаммын. 18 жыл ол жақта қазақ мектебін ашып, сонда жұмыс істедім. Қазақтардың руханиятын көтерейін, қаны қазақ балалар тәрбиелейін. Ол жақта да ағайынымыз бар. Қызметтерге байланысты кешеуілдеп келіп, бүгінгі жылдар нәсіп болып жатыр.
Қали Мекенбайұлы, қандас:
- Жібек жолына келу біраз арман болған негізі. Осы Астанаға жақын болса екен, балалар осы қазақ жерінде өссе екен, қазақ ұрпақ болса екен осылар деп. Сол балалар деп келіп жатырмыз. Қазір ағайын, туыс бәрі қарсы алып жатыр қуанышпен. Өте қуаныштымын. Арт жақта қалған ағайын-туыстар осында келсін көшіп.
Баян-Өлгий аймағынан жазда тағы 12 отбасы атамекенге келеді
Игі бастаманың жүзеге асуына Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мұрындық болды. Жат жерде отанына ынтызар боп жүрген қандастардың бұл бір парасы ғана, жазда тағы 12 отбасыны қоныстандыру жоспарланып отыр.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 34 жылдың ішінде 1,5 миллионнан астам қандастар көшіп келген бізге. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қандастарға баса назар аударып отыр. Біз қандастарды атамекенге келуін толық қолдаймыз және оған барлық қажетті жағдайларды жасаймыз деп айтқан сөзін білесіздер. Соған квотаға байланысты келіп жатыр. Отандастар қорының мәліметінше, шетелде 7 миллионға жуық қазақ бар. Соның бір жарым миллионы келуге дайын бізге.
Елге қоныс аударған қандастың әрбіріне “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 275 мың теңге көлемінде бір жолғы әлеуметтік төлем беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй жалдауға 1 жыл бойы ай сайын 15 тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін қаражат ұсынылады. Баспана сатып алуға бастапқы жарна ретінде 4 жарым миллион теңге де қарастырылады.
Шәріпхан Шаймұрат, "Тұран" қандастарға қызмет көрсету орталығының басшысы:
- 8 отбасы көшіп келді. Осында орналасуға құжаттарын, ықтияр хаттарын тапсырып қойды. Ықтияр хатын алып алғандар қандасқа тапсырып қойды. Үшінші айдың 1-інен бастап біз екінші жарнаның кқшіп келетін қандастың тізімін алайық деп жатырмыз. Ол осы Аршалы районы мен Шортанды районына келіп орналасуға, квотасын алуға, азаматы болуға екі жақты келісімшарт жасадық.
Қоғамдық қордың көмегімен бір жыл ішінде 127 мың отбасы елге көшіп келген. Басым бөлігі Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарына қоныс аударған. Алдағы уақытта да елден жырақта жүрген қандастарға қор тарапынан заңдық және әлеуметтік көмектер көрсетілмек.
Назым Қайрат, Руслан Әлиев