Өскеменде ауаны бақылайтын 25 жаңа бекет орнатылады
Өскеменді тұман басқалы екі аптаға жуықтады.
Тау қойнауындағы қала желсіз, тымық күндері осындай күйге түседі. Ауа сапасы өндіріс орындарының қалдықтарынан ластанған ба, әлде жеке сектор мен автокөліктерден шыққан түтіннің үлесі басым ба – белгісіз. Бұл мәселені нақты зерттеп, дәл анықтайтын мамандар да жоқ. Қазгидромет мамандары күкірт пен азот оксиді секілді зиянды заттардың көбейгенін ғана тіркейді, алайда бұл толыққанды сараптама жасауға жеткіліксіз. Осыған байланысты қалада ауа сапасын үздіксіз бақылайтын 25 жаңа мониторингтік бекет орнатылады. Бастапқыда бұл шара алдағы екі жылға жоспарланған еді, алайда облыс әкімдігі тұрғындардың шағымын ескеріп, заманауи құрылғыларды биылдан қалдырмай іске қосуды тапсырды. Қазір экологтар қаланы толық қамтитын бақылау картасын әзірлеп жатыр.
Елена Березинская-Әбілова, экобюроның жобалық кеңсе жетекшісі:
- Біз бұрын зерттеу құрылғыларымен қамтылмаған ықшам аудандарды ескеретін боламыз. Мәселен, Аблакет, Согра сынды елді мекендерге де бақылау бекеттері қойылады. Әрине өнеркәсіптік аумақты да ұмытпаймыз. Облыс басшылығының бұл істі жылдамдатқаны жақсы болды.Өйткені экологиялық ахуал тұрғындарды қатты алаңдатып отыр.