Алғыс айту күні еріктілер игі іс жасады
Елде 300 мыңға жуық волонтер өзгеге қол ұшын созып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін олар мемлекеттік маңызы бар жиындарда, қиын-қыстау сәтте, табиғи апатта да төбе көрсетіп, жұдырықтай жұмыла білді. Қазір елде 800-ге тарта волонтерлік ұйым, 2 мың бастамашыл топ жұмыс істейді. Ерікті түрде көмек көрсетіп жүрген жандардың қатарында ақ жаулықты әжелер де бар.
Жақсылық жасау үшін атақты, ауқатты болу шарт емес. Сүрінгенге сүйеу болып, жылағанды жұбатып, жоқ жітікке қарассаңыз да үлкен сауапқа кенелесіз. Игі істің басы қасында жүрген волонтерлер соның бір дәлелі.
Қайырымдылық қанымызда бар қасиет. Қытымыр қыста жаураған жандарға жылулық сыйлау үшін елордалық волонтер әжелер көше тазалығына жауапты азаматтарға ыстық шай мен бауырсақ таратты.
Бәтима Мырзахметқызы, волонтер:
- Біз өзіміз Талдықорған жақтан келдік. Ол жерде көп родниктер, бұлақтар болды. Солар қараусыз қалыпты. Мен соны көрдім де ең бірінші волонтерлыққа осы бұлақтарды тазаласа деген оймен келген болатынмын. Қасыңда сені түсінетін адам бар. Қиын жағдайда сені қолдайтын адам бар екенін түсінсін деген ой бар. Үйдегі барлық адамның жағдайы бірдей емес қой. Сол адамдарда «мен осындай қиыншылықта жалғыз қалдым-ау» деген ой болмасын деген желеумен бардық.
Қайырымды іске құштар кейуаналардың басын біріктірген бас қаладағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы». 6 жыл бұрын ашылған мемлекеттік мекеме бүгінде 14 мыңнан аса қарияға қызмет көрсетеді.
Күләнда Мұрсалова, волонтер:
- Жеке адамның волонтерлық қызметі арқылы қоғамға көп әсер етеді. Халық сенің соңыңнан ереді. Мысалы мектепке барсақ, оқушыларды тазалыққа тәрбиелейміз, бір бірімен дос болуға шақырамыз. Еден жуушыларға көмектесіп, сый құрметпен қара деп, сабақтар өткізіп келдік.
Құралай Балташқызы, волонтер:
-Адамдарға жанашырлық болу керек деп ойлаймын. Сондықтан бәріне қамқорлық жасауға тырысамыз.
Тазалық сақшыларымен өткен жылы жүздесуден соң бірден Абай көшесіне тарттық. Мұнда волонтер қариялардың тағы бір парасы тоқыма тоқып, шала туған нәрестелерді қуантуға қамданып отыр екен.
Айман Насымаева, волонтер:
- Жылына 2 рет салқын түскенде кішкентай балаларға нәски тоқимыз. Роддомға апарып қолдарына тапсырамыз. Олар да қуанышты, біз де қуанышты. Әйтеуір бет алды жүрген жоқпыз. Бір кісіге болса да жақсылық істеп жатырмыз. Бірақ бір кісі емес, онда әжептәуір балалар бар. Көмектескенімізге өзіміз қуанамыз. Әлі біз керек екенбіз, әлі біз біреуге пайдамыз тиеді екен деп.
Бұдан бөлек волонтер әжелер мүмкіндігі шектеулі және ата-анасынан айырылған балаларға мынадай әдемі қуыршақтарды тоқып, зергерлік бұйымдарды жасап үйрететін шеберлік сағаттарын өткізеді.
Айман Насымаева, волонтер:
- Алия Захаровна қуыршақтарды жай жасамайды. Өзінің кружогы бар. Біз сол қуыршақтың спектаклін қойып, әлгі балалардың көңілін көтереміз. Қарттарға барып, олардың халдерін біліп, оларға да тақия, ең керекті нәрселерді сыйлаймыз.
Расында, айналаңа пайдаңды тигізу үшін көп дүние керек емес. Ұлы ақын айтпақшы, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек болса болғаны.