Алматыда түркі халықтарының қолөнер жәрмеңкесі өтуде
Түркі халықтарының ұлттық өнерін дәріптеуші шеберлер Алматыда бас қосты. Мемлекеттік орталық музейде ашылған «Қызғалдақтар уақыты» атты жәрмеңкеге он саусағынан өнер тамған ісмерлердің бұйымдары қойылған. Жәрмеңке көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды.
Наурыз – көктемнің басталуы, табиғаттың оянып, жаңа өмірдің жандануы. Наурыздың айрықша символы-қызғалдақтар. Көрменің «Қызғалдақтар уақыты» деп аталуы сондықтан. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан жиналған қолөнершілердің туындылары орталық музейдің ажарын аша түсті. Шебер Әлия Сауғабекова да жәрмеңкеге арнайы келген. Ол 15 жылдан бері киіз басып, ою ойып өзгелерге ұлттық өнердің құпиясын үйретіп келеді.
Әлия Сауғабекова, қолөнер шебері:
- Енді біздің бұл кәсібіміз ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп қой негізі. Қойдың жүнін біз еш жерге тастамауымыз керек. Оны әр нәрсеге жарата білуіміз керек. Одан аяқ-киімдер, текеметтер, кәдесыйлар жасауға болады.
Ал Өзбекстаннан келген Умида Нуриддинова 20 жылдан бері әр ұлттың стиліндегі әшекей мен сәндік заттарды жасайды. Ісмердің қолынан шыққан авторлық туындыларға көбінесе театрлар қызығушылық танытады.
Умида Нуриддинова, қолөнер шебері:
- Мен әртүрлі құстардың қауырсынын пайдалана отырып, әртістерге арналған тәж жасаймын. Мысалы ұлттық нақыштан өзге де заманауи және еуропалық стильдегі әшекейлер де бар. Алматыдағы жәрмеңкеге қуана келдім, мұнда менің бұйымдарыма қызығушылар бар екен.
Жәрмеңкеге моншақтан, аң терісі мен былғарыдан, күміс пен табиғи тастардан жасалған авторлық әшекейлер, дизайнерлік киімдер қойылды. Сонымен қатар тоқыма және трикотаж өнімдері де ұсынылған. Жәрмеңкеге келушілердің қатыранда оқушылар мен студенттер де бар.
Айдана Төменғали, студент:
- Қазір бәрін тамашалап, оқушыларымызға да айтып жатырмыз. Түрлі бұйымдар, киімдер таныстырылды. Болашақ педагогпыз ғой. Сондықтан жәрмеңкеден көрген-білгенім алдағы уақытта тәжірибе болатынына сенемін.
Жәрмеңке екінші наурыз күні аяқталады. Ол тек шеберлердің қолынан шыққан дүниелерді көрсету немесе сатумен шектелмейді. Қолөнерге қызығушылық танытқан кез келген адам шеберлік сабақтарына қатыса алады.