Шетелдіктерді елге заңсыз кіргізбек болғандар сотталды
Жамбыл облысында шетелдіктерді заңсыз елге кіргізуге әрекеттенген төрт тұрғын 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар Пәкістан, Бангладеш, Ауғанстан және Қырғызстанның 20 азаматын республика аумағына заңсыз өткізіп, жұмысқа орналастыруды көздеген. Алайда құқық қорғау органдары олардың әрекетін әшкерелеп, барлығын ұстады. Заңсыз шекара асқандардың жартысында жеке куәлік болмаған, сондықтан олар өз елдеріне 5 жылға депортацияланды. Кейінгі бес жылда осындай 600-ден астам заң бұзу дерегі анықталды. Бүгінде қазақ-қырғыз шекарасында мал ұрлығы мен жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау фактілері әлі де тыйылмай тұр.
Бақтияр Мұхамеджан, Жамбыл облысы Прокурорының орынбасары:
- Жыл басынан бері 300-ден аса автокөлікті айып тұрағына кіргіздік. Олардың барлығы жарай майды ел аумағына шетелге заңсыз тасымалдаған. Бұрын жүргізушілер автокөлікке қосымша бак орнатып бензин таситын. Оған шектеу қойған соң, бір бакты толтырып алып, бірнеше рет шекара асатынды шығарды. Қазір заңсыз жанар жағар май тасымалын тоқтату үшін қосымша бейнекамералар орнаттық. Ол бірнеше рет өткен көлікті автоматты түрде анықтайды.