Түркістанда тұратын түрік ұлтының өкілдері қазақ халқына алғыс айтты

Түркістанда тұратын түрік ағайындар қиын-қыстау заманда қамқорлық көрсеткен қазақ халқына алғыс айтты, деп хабарлайды 24kz.

«Өздері тарығып отырса да өзекке теппей, бауырына басқан қазақтардың жақсылығын ұмытпаймыз»,- дейді тоқсанның тұғырына шыққан  Абдулла ақсақал.

Абдулла Юсупов Грузияда тұратын түріктерді 1944 жылы Қазақстанға жер аударғанда 9 жасар бала екен. Қарашаның суығында қалың әскер бір түнде оларды жинап, жүк таситын вагондарға тиеп жіберген. Қария жол-жөнекей суық пен аштықтан өлген адамдарды станцияларға тастап кетіп отырғанын айтады. «Ол кезде бала болсам да, барлығы әлі күнге көз алдымда», - дейді ол.

Абдулла Юсупов, қала тұрғыны:

- Жолда қанша күн жүргеніміз есімде жоқ. Жол-жөнекей тоқтаған ауылдарға адамдарды бөліп-бөліп, түсіріп кетіп отырды. Біз шамамен Түркістанға дейін 15-20 күндей жүрдік. Әкем – Музафар үлкен молда болған кісі еді. Қолынан Құранын тастамайтын. Бізді Түркістанға әкеліп түсіргенде қазақтар қарсы алды. Өздері тойып тамақ ішпесе де, бізге көрпе-жастық, киім-кешектерін беріп, барымен бөлісті. Осылай бауырлас қазақ халқының мейрімділігі мен кеңдігінің арқасында аман қалдық.

Түркістанға 50 шақты түрік отбасы тұрақтаған. Қазақ халқының қамқорлығының арқасында барлығы өсіп-өніп, қатарға қосылды. Қазір қалада 2 мыңнан аса түрік тұрады. «Әкем қолыңнан келгенше қазақ еліне қызмет етіңдер деп өсиет айтады», - дейді Абдулла ақсақалдың ұлы Зикир.

Зикирулла Юсупов, облыстық түрік этно-мәдени бірлестігінің мүшесі:

- Бәріміздің шаңырағымыздың биіктігі – әуелі Құдай, сосын қазақ халқының арқасы. Біз ризамыз, мыңда бір алғысымызды айтамыз. Ұрпақтан ұрпаққа осыны жеткіземіз. Біз қазақ мектебінде оқымасақ та, көршілеріміз қазақ баурыларымыз, өзбектер, басқа болған. Қазақ тілін ана тіліндей сөйлеп кеттік. Бақытты адаммын, тәрбие алдық, өстік, білмегенімізді үйрендік. Біздің келешек ұрпақты ойлаймын, бәрі бір бауыр, жеміс беретін ел боламыз.

Биыл 90-ның төріне шыққан қария қазақтай бауырмал, дархан халықтың амандығын тілейтінін айтады.

Абдулла Юсупов, қала тұрғыны:

- Ынтымақ бар жерде береке-бірлік, тыныштық болады. Ауызбіршілігіміз артып, татулығымыз тереңдей түссін. 130 ұлттың өкілін бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып отырған қазақ еліне ризашылығымызды білдіреміз.

Алғыс айту  жүрекке жылу сыйлайтын ізгі қасиет, қарапайым адамгершілік парыз. Абдулла ақсақал алғыс айта білген адам алғыс арқалайтынын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш