Ақтөбеде кәмелет жасқа толмаған 70 бала арнайы есепке алынды
Ақтөбе облысында жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерде жүрген 13 жасөспірім анықталды.
Кәмелет жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алып, осындай жағдайларды болдырмау мақсатында полицейлер тұрақты түрде рейд өткізеді. Сонымен қатар есепте тұрған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар да жіті бақылауда. Қазір облыста 342 отбасы арнайы есепке алынған. Қараусыз жүрген жеткіншектерді тәртіпке шақырған бір топ белсендімен арна тілшілері де шығып қайтты.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Полицейлер мен жастардың біріккен рейді әдеттегідей теміржол вокзалы маңынан басталды. Тәртіп сақшылары бұл жерден ішімдікке жақын жандарды жиі кездестіруге болады дейді.
Олардың басым бөлігі полицейлердің арнайы есебінде тұрғандар. Балаларын қараусыз қалдырып, өздері ойын-сауық орындарын кезіп кететіндері де аз емес. Бұл жолы полицейлер көшеде теңселіп келе жатқан әйелді тоқтатты. Ішімдіктің иісі мүңкіген оның қасында қызы бар. Екеуі полиция бөлімшесіне жеткізілді.
- Я у подружки сидела и пошла встречать ребёнка. Ребята, я не алкоголик какой-то. Вы ловите тех, которые реально нарушают. Посмотрите по данным. Где-нибудь я числилась? Нет.
Полицейлер қызын ертіп мас күйде көше кезген әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Учаскелік инспекторға да тиісті ақпарат жолданды. Әйелдің жеңіл дәрежедегі мас күйде болғанын нарколог та растады.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Полицейлер жеткізген адам дәл осы жерде медициналық сараптамадан өтеді. Кірген сәтте дәрігер оның іс-қимылына, түр-тұрпатына және де сөйлеген сөзіне көңіл аударады. Және де мынадай іс-қимылды бұлжытпай орындауы тиіс. Бұдан бөлек көз қарашығын да тексереді. Одан қалды арнайы аппаратпен оның спирттік ішімдікті ішкен-ішпегендігі анықталады.
Мұнда бір тәулікте 25 адам жеткізілді. Жартысына жуығы ішімдік тұтынған боп шықты.
Ботагөз Жәлекешева, ПД Ювеналды полиция бөлімінің бастығы:
- Студеттер үйі маңында орналасқан асханаға келе жатырмыз. Яғни түнгі уақытта заңды өкілетсіз осы асханаға студенттеріміз кіреді. Ата-аналарының бақылауы жоқ болғандықтан, студенттер үйінен шектеу уақыты қойылмағандықтан. Біз қазір асханаға келе жатырмыз.
Тәулік бойы қызмет көрсететін мұндай жерлерде кәмелетке толмаған балалар кешкі 10-нан кейін тек ата-анасымен немесе заңды өкілімен келе алады. Жеткіншектердің тағы бір жиі жиналатын орны – компьютер клубтары. Ала-көлеңке ғимарат ішінде ойынға есі кеткен балалар уақыттың қалай өткенін байқамай қалады.
Айдос Құлжанов, ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:
- Біздер жасөспірімдердің ата-аналарын әкімшілік жазаға тартып жатырмыз. 3 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе көңіл көтеру орталықтарының иелерін де 10 АЕК көлемінде айыппұл салудамыз.
Жыл басынан баласы беймезгіл уақытта көше кезген 457 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Жеті түнде мейрамхана мен компьютер клубтарында жүрген 13 жеткіншек анықталған Әкімшілік құқықбұзушылықты айтпағанда жастар арасындағы қылмыс та азаймай тұр. Мысалы қаңтар айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 10 факт тіркелді.
Әлішер Тыныштық, «Жастар рухы» ұйымының ОФ төрағасы:
- Полиция департаментінің мәлімдеуінше қазіргі таңда жастар арасында құқықбұзушылық жылдан жылға өсіп келе жатыр. Жастар белгіленген уақыттан тыс жүреді. Мұндай фактілер жиі кездескен сайын өкінішке қарай белгілі бір құқықбұзушылықтарға бел бууы мүмкін. Ол арасындағы қырылыс та бар, жастардың бір-бірімен теке-тіресі де бар. Осындай фактілерге алып келуі мүмкін. Сол себепті негзі барынша болдырмауға тырысамыз.
Биыл тәртіп сақшылары әкімшілік заң талаптарын бұзған 70 жеткіншек пен тұрмыс жағдайы төмен 70 отбасын есепке қойған. Ювеналды полиция және учаскелік инспекторлар балалардың өмір салты мен санитарлық жағдайын, тиісті күтіп-бағуын тексереді.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов