Өңірде 30 мыңға жуық жабайы жануар қорғауға алынған

Солтүстік Қазақстан да түз тағысын қорғау жұмыстарын жүзеге асырып келеді. 

Аймақта 30 мыңға жуық сібір елігі, марал, бұлан және қабан мекендейді. Олар мемлекеттік табиғи қорықтар мен аңшылық шаруашылықтардың қамқорлығында.

Өңірде «Қызыл кітапқа» енген қыран, бүркіт, аққу, қарашақаз, бірқазан секілді сирек кездесетін құстар да тіршілік етеді. Мамандар жыл сайын жабайы жануарларды қолдан қоректендіру жұмыстарын жүргізеді. Орманшылар тұяқты жануарлардың қыс мезгілінен аман шығуы үшін жаз бойы жем-шөп дайындайды. Сондай-ақ браконьерлікпен күресіп, рейдтік шаралар ұйымдастырады.

Михаил Никитин, табиғи ресурстар және ТПР басқармасының бөлім басшысы:

- Облыс бойынша жабайы жануарларды қоректендіруге 1200 тонна шөп, 800 тонна бидай қалдығы, 550 мың қайың жапырағы мен тұз дайындалды. Осы қыста өлім-жітім болған жоқ. Ал соңғы жылдармен салыстырғанда тұяқты аңдардың көбеюі байқалады.