Қолөнерін кәсіп еткен ісмер: тігіншілік - қол мен қиялдың еңбегі
Бүгін де ұлттық қолөнерді меңгеріп, оны тіршілігінің тұтқасына айналдырған жандар аз емес.
Бұл салаға бет бұрғандардың қазақы нақыштағы дүниелерді насихаттап, оны жас ұрпаққа үйретіп жүргені қуантады. Кәсібін нәсібіне айналдырып, тасы өрге домалаған іскер жандар – әлбетте көпке үлгі-өнеге. Гүлім Алтаеваның ине-жіпті серік еткеніне 10 жылдан асты. Бала күнінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын ол бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отыр. О баста тек үйінің қажеттілігі үшін көрпе-жастығын жасап жүріпті. Артынша шабыты мен ізденісі бала арманды орындауға қамшылаған.
Гүлім Алтаева, қолөнер шебері:
-Ең бірінші қошқар мүйізді тіктім. Қолым жаттықтырып. Жай көрпешені тігіп, инстаға салып жібергем. Бір клиент 3 көрпе керек деп тапсырыс береді. Күні-түні соны тігіп. Күндіз үй тірлігімен жүретінмін. Түнде ютуб қарап ақтарып үйрендім.
Гүлімнің әжесі де, анасы да – ісмер. Қаннан дарыған қасиетті құр жібермей қазір кәсіпке қолданып отыр. Өткен жылы жеке шағын тігін цехын ашыпты. Қажетті құрылғыларын мемлекеттік бағдарлама арқасында сатып алды. Өзімен қоса бірнеше аруды жұмыспен қамтып отыр. Білгеннін үйретіп, шеберліктің қыр-сырына да баулыған.
Назым Бақытбекқызы, қала тұрғыны:
-Гүлімнің шәкірті болып келемін. Гүлім көрпені көп тіккендіктен, маған тапсырып беріп қойды. Декретте үйде отырып, осылай үйде жұмыс істеп, табыс тауып отырмыз.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
-Тігіншілік - қол мен қиялдың еңбегі. Адамды шыдамдылыққа, икемділікке, төзімділікке үйретеді. Көз майын тауысып істейтін ең үлкен шығармашылық еңбек.
Еңбегімен өсіп, мақсатына жеткен тағы бір ару – Әйгерім Сәдуақас. Қазақтың шапан, камзолын насихаттап жүрген жас дизайнер. Ұмыт болған ұлттық киімді заманға сай жаңғыртып, өзінше өрнектеп, жаңашалап шығарады. Ине-жіпті икемге келтіріп тігу, ою-өрнек құрау – жанына рақат сыйлайтын машақат. «Қолынан шыққан әр бұйымға салынған оюда қазақтың тынысы бар», – дейді жас шебер.
Әйгерім Сәдуақас, дизайнер:
-Ойыңа келген дүниені, кесін-сұлбаны қағазға түсіру маған қатты ұнайды. Кейін оны тігіп, жасап шығарудың өзінің рахаты бар. Тігіншілік тек кәсіп қана емес. Менің сүйіп жасайтын ісім. Қызылорда қаласында арнайы дизайнерлікті оқып меңгеріп шықтым. Осы кезден мамандыққа деген қызығушылығым басталды.
Кейіпкерлеріміздің бағыты түрлі болғанымен, таңдауы бір. Ол мамандыққа деген шексіз махаббат. Олар үшін тігіншілік тек табыс көзі емес. Ұлттың аты мен затын шығаратын үлкен абыройлы іс. Осыған жауапкерішілпен қарайтын қос шебердің ойлары қолға алған шағын цехтарын кеңейтіп, сұранысты арттыру.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Арман Ақшабай