Алғаш рет Үндістаннан Қазақстанға контейнерлік жүк пойызы жолға шықты

Үндістаннан біздің елге алғаш рет контейнерлік жүк пойызы жолға шықты. Мундра станциясынан бағыт алған эшелон Иран, Түркіменстан, Өзбекстан арқылы Астанаға келеді.

12 контейнер тиеген жүк пойызы 5 885 шақырымды жүріп өтпек. Оның 4 300 шақырымы құрлық, 1 585 шақырымы теңіз жолы. Жоба Өзбекстанның Узтемир-йул-контейнер компаниясының қолдауымен жүзеге асады. Жалпы Үндістан- Орталық Азияны Пәкістанға қарсы экономикалық қорған ретінде көреді. Көршілер Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше болғанымен бірде тату, бірде араз. Оған себеп даулы территориялары бар. Сондықтан аталған дәліздің ресми Нью-Дели үшін экономикалық маңызы зор.  

Мирзиёд Мирхамидов, «Узтемирйулконтейнер» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұған дейін Үндістаннан Өзбекстанға контейнерлік тасымал жасалды. Яғни біздің тәжірибеміз бар. Алдағы уақытта осы маршрутты кеңінен пайдалануды көздеп отырмыз. Үндістан - Орталық Азия дәлізі елдер арасындағы алыс берісті арттырып, экспорттаушылар мен импорттаушыларға жаңа мүмкіндіктер әкелді.