Атырау облысында апатты үй тұрғындарына баспана беріледі
Наурыз мерекесі қарсаңында Атырау облысындағы Миялы ауылында 60 пәтерлі үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа қонысқа апатты үй тұрғындары, көпбалалы отбасылар және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар көшіп келеді. Жалпы Қызылқоға ауданы бойынша 900 адам баспана кезегінде тұр. Оның жүзден астамы апатты үйде тұрып жатыр. Осыған орай жергілікті билік биыл 140 отбасын пәтермен қамтуды жоспарлап отыр.
Миялы селосындағы бұл 2 қабатты үйлер 1957-59 жылдары пайдалануға берілген. Бүгінде іргетасы отырып, қабырғалары сыз тартқан. Соған қарамастан 16 пәтерлік екі үйде 10 шақты отбасы тұрады. Иманғалиевтар жанұясының бұл үйге қоныстанғанына 30 жыл болған.
Нұржамал Иманғалиева, Миялы ауылының тұрғыны:
- Төбесінен тамшы ағады жауын жауғанда. Жәндіктер көбейді. Тышқан, қоңыздар деген сияқты. Сол тұрған үйлер апатты деп танылды, былтыр тамыздан бастап құжат жинақтадық. Енді үй берсе екен деп тілеп отырмыз.
Апатты деп танылған үйлерді көшіру үшін 2023 жылы арнайы бағдарлама жасалды. Нәтижесінде былтырға дейін 90-нан астам отбасы жаңа қонысқа көшірілді. Таяуда 3 қабатты, 60 пәтерлік үй пайдалануға беріледі. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған.
Манат Сағын, мердігер мекеме өкілі:
- 60 үйліктің 30-ы – 3 бөлмелі, 30-ы – 2 бөлмелі. Мұның суы, газы, бәрі жүріп тұр. Әр пәтердің пеші өзінде, су сорғылары бәрі қондырулы, қазіргі уақытта аз ғана ток жұмыстары қалып тұр.
Аудан бойынша тұрғын кезегінде тұрғандар 5 санатқа бөлінеді. Алдымен апатты үй тұрғындары қамтылады. Сосын ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар және көпбалалы отбасылар мен пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі.
Күні бүгін Қызылқоға ауданында 900 дей адам үй кезегінде тұр. Оның 111-нің үйі апатты деп танылған. Сол себепті жергілікті билік алға қарай тағы осындай 60 пәтерлік 2 үйдің құрылысын қолға алмақ.
Ерсағын Құмаров, Қызылқоға аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- 2025 жылға 140 тұрғынды баспанмен қаматамыз ету жоспарда тұр. Одан бөлек, бізде қазір «Бақытты отбасы – Атырау» бағдарламасымен 2024 жылы 5 тұрғын баспанамен қаматамсыз етілген болатын. Биылғы жылы да «Атырау аудан жастары» санатымен 35 жасқа дейінгі жастарды қамтамсыз ету мақсатында бағдарлама енгізлген.
Аудан тұрғындарының баспанаға деген сұрынсын қамтамасыз ету мақсатында биыл облыстық бюджеттен тағы 1 млрд теңге қаражат сұратылды. Мәселе оң шешілсе, 60 пәтерлік тағы бір үйдің құрылысы басталады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин